«8 түйір антибиотик берген»: Астаналық оқушы мектепте дәріден уланып қалды
Қазір олар прокуратураға, денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсірген
Астанада 8 жасар қыз мектепте дәріден уланып қалды. Ата-анасының айтуынша, мейірбике жеткіншекке сегіз түйір антибиотик берген. Сабақ үстінен шақыртып алып, оқушыға мұншама дәрі бергені жайлы ескертпеді дейді. Үйіне келе есінен танып құлаған кішкентай Айсәулеге жедел жәрдем уақытында көмекке келген. Антибиотик әсерінен қан құсып, өлім аузынан қалған балақайдың ата-анасы бұған кінәлілер тегіс жауап беруін талап етіп құзырлы органға шағым түсірді, деп хабарлайды Azattyq RýhyКТК арнасына сілтеме жасап.
Үшінші сыныпта оқитын Айсәулені дәрі қабылдау үшін мектеп мейірбикесі шақырып алған. Анасының айтуынша, үйде оңайлықпен дәрі ішуге келісе қоймайтын қызына медицина қызметкері бірден сегіз түйір дәріні мәжбүрлеп ішкізіпті. Басы айналып әлсіресе де, оқушы соңғы сабаққа дейін отырып, үйіне әрең жеткен. Жол бойы лоқсып құсқан балақай табалдырыққа жетіп жығылған.
«Есікті аштым, балам құлады. Содан құсып, өз-өзіне әрең келтіріп алдым. Жедел жәрдем шақырттым. Балам осындай көп дәрі ішіп, уланып қалғанын анықтаманы сол жерде маған жазып берді. Білмеймін, неге сонша көп дәрі бергенінен хабарсызбын», — дейді оқушының анасы Ақтамақ Аппас.
Жедел жәрдем қан құсқан жеткіншек антибиотикті мөлшерден көп қабылдаудан уланған деген анықтама берген. Негізі Айсәулеге туберкулезбен ауырған науқаспен байланыста болған соң, осы аурудың алдын алу ретінде рифамицин тобына жататын дәрі тағайындалған көрінеді. Ата-анасы ондай дәріні беруге қарсы болған. Бірақ мектеп мейрбикесіне емханадан берілген препаратты қыздың туыстарының қарсылығына қарамастан, ешбір сынақсыз ішкізіп, өз бетінше ем-дом жасамақ болғаны түсініксіз.
Бұған дейін фтизиатр осы дәрілерді балаға тағайындайтынын айтқанда анасы қарсы болған. Өйткені компьютерлік томография қыздың өкпесі таза болғанын көрсетіп, диспансер есебінен шығарған екен. Соған қарамастан, мектеп мейірбикесі өз бетінше әрекет етіп отыр дейді.
Құлан-таза айығып, диспансерлік есептен шыққан баланың жағдайы жайлы мектеп басшылығы білмейтін сияқты. Бұл менің міндетіме жатпайды дейді директор. Мектепте оқу жалғасып жатыр. Мейірбике де жұмысында. Бірақ оны таба алмадық. Бұған дейін баласы дәріден уланған ата-анамен сөйлесуден бас тартқан екен. Қазір олар прокуратураға, денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсірген.
«Бұл жағдай бойынша, аумақтық комитет қызметтік тексерісті бастады. Ол аяқталмайынша, артық ақпарат айтқаным дұрыс болмайды. Тексеріс аяқталсын», — деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев.
Мектепті санитар дәрігерлер де тексеріп жатыр. Қандай шара қолданылатыны барлық тексеру мен сараптама қорытындысы шыққан соң белгілі болмақ.