Ресей Солтүстік Корея әскерінің қатысуымен ауқымды қарсы шабуылға дайындалып жатыр – NYT
Ресей әскері Курск облысын толық бақылауға алу үшін шамамен 50 мың әскер жинаған, деп жазады New York Times америкалық және украиналық ресми дереккөздерге сілтеме жасап. Бұл операция алдағы күндерде басталып, Курск облысының барлық аймағын бақылауға алуды мақсат етеді, дерп хабарлайды Ulysmedia.kz.
New York Times Курск облысындағы осы шабуылға КХДР әскері қатысады деп жазады.
Батыс пен Украина өкілдері Курск облысына Солтүстік Корея әскерінің келуін «айтарлықтай шиеленіс» ретінде сипаттайды.
Америка ресми өкілдерінің мәліметінше, Солтүстік Корея бұл аймаққа 10 мыңнан астам сарбаз жіберген. Олар Ресейдің әскери киімін киіп, Мәскеу берген қарумен қаруланған, бірақ жеке бөлімшелер түрінде шайқасады деп күтілуде, деп атап көрсетеді Пентагонның New York Times-қа берген мәліметтері.
ОЛАРҒА НЕ ҮЙРЕТКЕН
Ресей оқу-жаттығу кезінде Солтүстік Корея сарбаздарын артиллериядан атуға, жаяу әскер тактикасының негіздеріне, сондай-ақ траншеяларды тазарту әдістеріне үйреткен. Бұл дайындық солтүстіккореялық күштер Украина қорғанысының бекіністеріне тікелей шабуылдарға қатысатынын болжайды. Мамандардың пікірінше, КХДР әскерлері броньды техниканың артықшылығынсыз, жеңіл жаяу әскер түрінде қатысатындықтан, олар арасында адами шығын болуы мүмкін.
РЕСЕЙДІҢ ЖОСПАРЫ
Егер бұл операция сәтті өтсе, Ресей шекарада тоқтап қалмай, украиналық әскерлерді әрі қарай ығыстыруы мүмкін. Алайда кейбір америкалық сарапшылардың айтуынша, Солтүстік Корея өз күштерін шекарада тоқтатуды бұйыруы ықтимал, ал Ресей күштері Украинаға тереңдеп енуі мүмкін деп хабарлайды New York Times.