«Көңіліме қаяу түскелі – 2 жыл»: Ләйлә Сұлтанқызы марқұм жолдасын есіне алды
Белгілі журналист, кәсіпкер Ләйлә Сұлтанқызы осыдан екі жыл бұрын қайтыс болған марқұм жолдасын есіне алды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, 2022 жылы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті Қайрат Беркінбаев қайтыс болған еді.
“Алланың алдында дәрменсіздігімізді мойындағанымыздың арқасында сынаққа сынбай, жер басып жүргендейміз. Көңіліме қаяу түскелі тура 2 жыл. Балаларымыздың алдында жылап, әлсіздігімді көрсете бермеймін, көрсеткім де келмейді… Бірақ осы уақытқа дейін іштей біраз дүниені түсіндім. Бүгін Қайрекеме құран бағыштап, ниет етіп жатырмыз”, – деп жазды медиа маманы.
Еске салайық, «Үшінші баланың анасы атанып үлгермедім» деп Ләйлә Сұлтанқызы өмірдегі өкінішін жеткізген еді.
“Мен ұлдарымның қарындасы болғанын қаладым. Жасыма байланысты табиғи жолмен жүкті бола алмайтынымды түсініп, экоға жүгінбек болдық. Қайрат екеуіміз ұзақ уақыт дайындалып, емделдік. Қазан айында мен соңғы анализді қолыма алғанда дәрігерлер менде бәрі жақсы екенін, келесі айда күйеуіммен келе алатынымды айтты. Қарашаның алтысы күні Қайрат өмірден өтті. Біз үлгермедік, үшінші баланың анасы атанып үлгермедім. Менің өмірімдегі ең үлкен өкініш – осы”, – деген еді Ләйлә көз жасына ерік беріп.