Атыраулық әже «Тиктокты шайқап», 10 млн теңге ақша тауып отыр (ВИДЕО)
Smartnews.kz басылымының хабарлауынша, TikTok желісі танымал еткен Хадиша Төлеғалиқызын ондағы жастар «Батыстың әжесі» деп танитын көрінеді. Оның қазір желіде 87.1 мың жазылманы, мыңнан астам тұрақты көрермені бар.
Хадиша әже күнделікті үзбей тікелей эфирге кіріп отырады. Ондағы жастармен еркін әңгімелесіп, оларға ақылын айтып, көбіне эфирде батл жарысына қатысады. Жас күнінде күйеуінен ерте айырылып, жесір қалған Хадиша апа бала-шағаның қамы үшін қартайғанша көше сыпырып, еден жуып күнін көрген екен. Енді міне, зейнеткер «бала-шағаның болмашы ермегінен» ебін тауып, 10 млн табыс алып, керегіне жаратып отыр. Кейуананың айтуынша, TikTok компаниясының агенттігі зейнеткермен келісімшарт жасасып, желідегі жоғары белсенділігі үшін жақсы жалақы төлеп отыр екен.
— Басында мен TikTok-қа тіркелген кезде Фариза Оңғарсынова мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыған видеоларымды салдым. Бірақ өлең оқып, жастарды қызықтыра алмадым. Содан бір күні кездейсоқ тікелей эфирге шықтым. Менің тікелей эфиріме қосылғандардың қатары арта бастады. Сөйтіп, эфирге шығу күнделікті әдетіме айналды. Кейінірек TikTok агенттігімен келісім жасадым. Енді олар маған жалақы төлейді. Менің аудиториям – әлеуметтік желілерді жақсы білетін жастар. Қазір пайдаланушылармен батлға шығамын, ақыл-кеңесімді айтамын. Мені жастар жақсы түсінгенімен, үлкендер жағы сынап жатады. Ал бұл мен үшін қосымша табыс, — дейді әже.
Сондай-ақ TikTok-ты меңгергелі ауруым мен сырқатымды, уайым-қайғымды ұмыттым дейді Хадиша әже. Оған әуелде қалай эфирге кіру керегін, әлжеліні қалай басқару керегін немерелері көрсетіп жүрген. Қазір кейуана парақшасын толықтай өзі жүргізеді. Ол тіпті эфирге кіру үшін арнайы орын дайындап, бөлме жабдықтап та қойған.