Танымал қазақстандық спортшының отбасы жас жігітті құлдықта ұстады деген күдікке ілінді
СҚО-да танымал қазақстандық спортшы, әйелдер күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері Айша Уәлишанның отбасы 23 жастағы жігітті құлдықта ұстады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті ақпаратты растап, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Таратылған ақпаратқа сәйкес, күрестен Азия ойындарының қола жүлдегері Айша Уәлишан отбасымен жас жігітті үйінде 10 ай бойы құлдықта ұстаған.
Алматы облысының 23 жастағы Мұқан есімді тұрғыны Солтүстік Қазақстандағы ауылда 10 айдан астам уақыт құлдықта болғанын айтып, шағымданған. Оның айтуынша, спортшы мен күйеуі екеуі оны ауылға алдап шақырып, тегін жұмыс істеуге мәжбүрлеп, өз үйінде күштеп ұстаған.
«Мұқан А-мен (спортшының күйеуімен) танысып, олар сөйлесе бастаған, ол Мұқанға қоңырау шалып, олар бір жылдай телефонмен сөйлесіп, байланысып жүрген. Кейін ол Мұқанды шаруа қожалығында жұмыс істеуге шақырып, 500-600 мың теңге жалақы ұсынған. Алғашында Мұқаң екі-үш ай жұмыс істеп, үйіне қайтуға келіскен. Ол келісіп, жұмысқа барған», — дейді Мұқанның қорғаушысы Нұрболат Ибраев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Заңгердің айтуынша, спортшының отбасы Мұқанның телефоны мен құжаттарын тартып алған.
«Ешқандай айлық алмайсың деп тіке айтқан. Мұқанды үйінде күштеп ұстап, біраз уақыт өткен соң жүйелі түрде ұрып-соға бастаған. Спортшының күйеуі Мұқанды әкесімен және көршісімен бірге ұрып-соққан. Мұқанның басы мен денесінде көптеген жарақаттар бар, олардың барлығы анықталды. Ол қашып кетпек болған, алайда оны ұстап алып, тағы да қатты соққыға жыққан, құлағын кесіп тастаған», – дейді адвокат Нұрболат Ибраев.
Оның айтуынша, Мұқан моншада тұрған және дұрыс тамақтанбаған.
«Мұқан көршінің баласымен сөйлесіп, телефонмен ағасына хабарласқан. Ағасы баланың нөміріне ақша жіберіп, ол ақшаны Мұқанға шешіп берген. Ол екі күн қамыстың арасына тығылып, далада жаңбыр астында жүрген. Одан кейін аудан орталығына жетіп, ол жерден Көкшетауға баратын көлік жалдаған. Сол жерде ағасымен хабарласып, ақыры үйіне қайтты», – дейді Нұрболат Ибраев.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, істің барлық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлытау облысында 3 баланы асырап алып, құлдықта ұстағанәйелдің сотталғаны туралы жазған едік.