Тоқаев Парижден кейін қайда барады?
Қырғызстан БАҚ-тарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитіне қатысады деген ақпарат пайда болды. Kznews.kzтілшісі Мемлекет басшысының жоспарлары туралы оның кеңесшісі — баспасөз хатшысы Берік Уәлиден сұрады.
Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті (ТМҰ) 6 қарашада өтеді. 24.kg деректері бойынша, 4 қарашада кешке Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Бішкекке ұшады, 5 қарашаға қараған түні Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстан басшылары барады, ал Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қарашада таңертең әріптестеріне қосылады.
«4-5 қарашаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары жоспарланғаны белгілі. Парижде болу бағдарламасы аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы 6 қарашада Бішкекте өтетін Түркі мемлекеттері Ұйымының XI саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға барады», — деп түсіндірді Берік Уәли.
Еске саайық, бұған дейін Тоқаев Францияға мемлекеттік сапармен барған болатын. Сейсенбіде Елисей сарайында Мемлекет басшысының Франция президенті Эммануэль Макронмен келіссөздері өтеді.