БҰЛ МЕРЕКЕ – БАБАЛАР МҰРАСЫ
Тәуелсіздік күні басқа мерекелерден ерекше. Ата-бабаларымыздың азат ел болсақ, басымыз біріксе деген арманы орындалып, басымызға бақ қонған күн. Бұл күннің біз үшін қадірі бөлек. Қазақ халқының мәңгілік мейрамы болып қала берсін деп тілеймін. Батыр бабаларымыз ұлан-байтақ жерді, асты мен үсті байлыққа толы ұлы даланы көздің қарашығындай сақтап, бізге жеткізді. Енді осы бай мұрамызды асқан жауапкершілікпен қорғап, тиімді пайдалану – біздің парыз.
Үлкен нарыққа бетбұрыс жасалды
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, жасыратыны жоқ, Кеңес заманы тарқағаннан кейін ауыр кезеңді бастан кештік. Дербес мемлекет болу, бұрынғы қалыптасқан интеграциядан бөлініп, жаңа экономика құру оңай болған жоқ. Социалистік экономикадан нарықтық экономикаға көшкенде экономиканың теориясы да, практикасы да бұзылды. Ел экономикасын аяққа тұрғызу үшін көп заң қабылданды, ауқымды жұмыс істелді. Елбасының көрегендігі арқасында елімізде үлкен нарыққа бетбұрыс жасалды. Бұл кезеңнен өту оңай болмағанымен, нәтижесі біз күткеннен де жоғары.
Әлі есімде, тәуелсіздік алған жылдары Қаржы министрлігіндегі бас бақылау басқармасы бастығының орынбасары болып істеп жүрдім. Орталық аппаратта 38 адамбыз, облыстарда 10-15 қызметкеріміз болды, бюджет қаражатын тиянақты жұмсауды бақылап, Үкіметке баяндап отырдық. Жасыратыны жоқ, жаппай жекешелендіру басталғанда мемлекет мүлкін іліп кетушілер көп болды. Шынын айту керек, шамамыз келгенше тосқауыл болуға тырыстық. Уақытында әшкерелеп, тиісті органдарға беріп отырдық. Кейін осы басқарманың негізінде 1993 жылы Қаржы бақылау комитеті құрылды. Комитет дербес мемлекеттік орган ретінде министрліктен бөлініп шықты. Тікелей Президентке бағынатын орган болды. Бұл орган өзін-өзі ақтады. Біздің азуымыз батып кетті ме, Үкімет басындағылар комитет нарықтық жүйеге көшуді тежейді деген сылтаумен қайтадан министрлікке қосты.
Ел тәуелсіздігі дегенде, жиырма жеті жыл бұрынғы оқиғалар ойға оралады. Есіме түсетіні, бір күні сыртта тұрсам, бір қария таяп келіп: «Балам, мына жерде Қаржы министрлігі деп жазылып тұр екен. Сонау Түркістаннан бір өтінішпен келіп едім. Зейнетақымды алмағаныма көп болды, соның жарты ақшасын сен ал да, қалған жартысын өзіме ақша етіп шығарып берші, қатты мұқтаж болып тұрмын», – деді кемсеңдеп. Тиісті ақшасын қолына тигізе алмай, Алматыға келген беті екен. Сондай да қиын кезеңдер өтті. Валюта ауысарда рубль сабан ақшаға айналып, инфляция мыңдаған пайызға жетті. Дүкендерде түк қалмап еді, соны бүгінгі буынға айтсаң, ертегідей көреді. Азаттықтың алғашқы бес жылы оңай болған жоқ. Бірақ соның бәріне біздің халық шыдады, төзді. Мұндай халыққа бас ию керек.
1998 жылы Есеп комитетінің мүшесі ретінде Жамбыл облысына зейнетақыға бөлген ақшаның тиімді жұмсалып жатқанын тексеруге бардым. Қаратау қаласына 100 млн тг бөлінген еді, сол ақшаны аудан әкімі халыққа үлестірудің орнына депозитке салып қойыпты. «Мұның не?» – десем, «Кішкене көбейсін деп едім», – дейді. «Ол ақша халыққа бүгін керек, нан-суын, киім-кешегін алуы қажет, елге берген ақшаны неге бұлай тығып отырсың?» – деп, банктен алдырып берген де күндер болды.
Алматы облысы Балқаш ауданында туғанмын. Ауылға жиі барып тұрамын. Сонда байқағаным, тоқсаныншы жылдары иттің үргені мен қораздың шақырғаны ғана естілетін даладан. Бірде-бір техниканың үні шықпайтын. Қазір әр аулада, кем дегенде, бір-бір машина тұр. Басқа техникасы және бар. Тағы бір штрих: 1994 жылы республикалық бюджеттің ақшасы 47 млрд теңге болды, қазір 12 трлн теңге. Айырма жер мен көктей. Бұл ел экономикасының дамығанын, нарықтық жүйенің дұрыс жолға қойылғанының белгісі. Бүгінгі экономикамыздың дамуы мемлекетіміздің дербестігін, әлеуметтік мәселелерді шешуге, әлемнің дамыған елдері қатарына қосылуға әлеуеті зор екенін көрсетеді.
Қаржы айналымда жүрсе ғана тиімді
Әрине, әттеген-айсыз болмайды, кезінде біз бюджетті бір жылға жоспарлаушы едік, кейін үш жылға жоспарлау принципіне көштік. Себебі, бюджеттік бағдарламалар бір жылда бітпейді, бірнеше жылға созылады. Сол үшін бюджеттік бағдарлама толық жүзеге асырылуы үшін осы жүйеге тоқтадық. Өйткені, бюджеттік бағдарламалар мен басқа жобаларға бөлінетін қаржы тоқтамауы керек. Алайда осы принциптің басты идеясы бұзылып отыр. Себебі, біз бір жылдың бюджетін нақтылап жоспарлаймыз да, қалған екі жылдың бюджетін индикативті жоспармен жібереміз. Яғни, екінші, үшінші жылғы бюджет басы бүтін жоспарланбайды, сосын келесі жылдың жоспары келгенде, индикативті жоспар негізге алынбай қалады. Соның салдарынан басталып қойған бюджеттік жобаларды қаржыландыру тоқтап қалады. Басталған іс-шара, құрылыс жұмыстары болсын, аяғына жетпей, қаржылық тиімділігін жоғалтып отырған жайы бар. Бұл мәселені шешудің тетігі бар, оны дербес бақылауға алып, жауапкершілікті арттыру қажет. Жобаны кім жапты, не үшін жапты, одан не ұттық, неден ұтылдық деп баға берілуі керек те, жауапты адам жауапқа тартылуы керек. Себебі, бюджетті жоспарлағанда бюджеттік тапсырыстың жауапкершілігі төмен. Мысалы, Қаржы министрлігіне бюджеттік әкімшілер беретін бюджеттік тапсырыстардың қаншалықты негізді, игеру тетіктері мен механизмдері жетілгенін екенін ешкім тексермейді. Соның кесірінен ертең келіп, ол жобаның қаржысы уақытында игерілмей жатады. Ал біз сол қаржыны Парламентте маңызды бір әлеуметтік мәселені шешуге дауласып, ала алмай жатамыз. Жеме-жемге келгенде, басқа салаға берілген ақша сол салада игерілмей қалады. Қаржы үнемі қозғалыста болуы керек, айналымда жүруі тиіс. Қаржы айналымы көп болса, тиімділігі де артады. Бюджет қаржысына келгенде, осы мәселені жолға қою маңызды.
«Сен мені Президентке кіргіз»
Есеп комитетінің төрағасы болып жүрген кезім, әкем тірі, Астанаға келген. Дастарқан басындамыз, бір кезде:
– Сен мені президентке кіргіз, – деді.
– Не шаруа шыға қалды, мені жамандайын деп пе едің? – дедім әзілдеп.
– Оны қайтесің, кіргіз. Айтар сөзім бар.
– Сіздей қазақтың қара шалдары толып отыр, бәрің кіре берсеңдер, ол кісі қашан жұмыс істейді? Айтарың болса, мен-ақ жеткізейін, – деймін. Себебі, Есеп комитетінің жетекшісі ретінде тоқсан сайын Президентке есеп беруге кіремін. Әкем:
– Жоқ, ол сөзді сенен емес, менен естуі керек, – дейді. Қалжыңдап отырған шығар десем, шын айтып отыр екен. Сосын Президенттің шетелде іссапарда жүргенін айтып, жуық арада кіре алмайтынын түсіндірдім. Сонда да Елбасыға не айтпақ болғанын сұрадым.
– Сен не білесің, қалада жүрдің, көп жайдан бейхабарсың, ал ауылда бір салып шығарып ішкен шайын сүзіп алып, кептіріп, қайтадан пайдаланғандар көп болды. Қорасындағы соңғы ешкісін сойып, жеп қойғандар болды, зейнетақысын уақытында ала алмай, қиналғандар болды. Сондай қиын-қыстау кезеңнен елді аман алып шыққан Президентке алғысымды айтайын деп едім, – дейді. Содан әкейдің бұл сәлемін жеткізуді өзіме аманат етіп алдым. Кезекті бір есеп беру кезінде әкемнің сәлемін айттым. Ол кісі «Бүгінгі жеңіс бірден келген жоқ, халқым сондай қиындықтың бәріне шыдады ғой», – деді көзі жасаурап.
Ал тоқсаныншы жылдар басындағы тоқырауда автобустың жолақысын төлеу үшін бір қойын сүйреп апарған оқиғаны білемін. Солтүстік Қазақстан облысына тексеруге барғанда өзара ақша айырбастауды бартерге көшіргенін көргенмін. Себебі, теңге айналымы жүрмей қалған. Сондықтан солтүстіктегілер теңгені айналымнан шығарып тастап, бюджетке ваучерлік есеп жасайтын механизм енгізіп алған. Олар тіпті бұл амалдарын басқа облыстарға насихаттап, тәжірибе алмаса бастаған ғой. Бұл заңға қайшы. Бұларың не, бізде Ұлттық валюта туралы заң бар, сендер не, автономды мемлекет болып алдыңдар ма деп, уақытында тоқтатып, теңгенің жұмыс істеуіне ықпал еттік.
Қандай даму болмасын, тәртіпке арқа сүйейді. Әр салада тәртіп болса, істелетін жұмыс әлі алда. Кеше де бірнеше зауыт ашылды. Соның бәрі ертең аяғынан тік тұрып жұмыс істеп кетсе, шикізаттық байланыстан шығып, қосылған құны бар өндірісті қолға алып, сол арқылы импорттық тәуелділіктен кетеміз. Сондықтан әр азамат жеке бас жауапкершілігін сезіне білсе, мына елдің өсуі мен өркендеуіне үлес қоса алса, нағыз дамыған елге айналамыз.
Омархан ӨКСІКБАЕВ,
Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі
Дереккөз: Айқын