Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Мектебім ауылымның мақтанышы
(Қожабақы мектебіне 70 жыл)
Бойында ұлылықтың жатқан ізі,
Келешек ғасырға да мақтан – ісі.
Шуақты, шежірелі тарихы бар
Мектебім – ауылымның мақтанышы.
(«Қожабақы мектебінің вальсі» әнінің өлеңінен)
Қазіргі XXI ғасыр таңындағы әлемдік кеңістікте өз орнын айқындауға ұмтылып отырған Қазақстан үшін де оқушы баланың мектепте орта білім алып шығуы міндетті әрі маңызды іс болып саналады. Ендеше, өткен тарихымыздағы қазақ ауылдарында сондай жалпы білім беретін мектептердің құрыла бастауы – сол кездегі жүргізіліп отырған білім саясаты үшін де және қазіргі орта білім жүйесінің тарихы үшін де елеулі мәні бар дүние. Өйткені қазақтың білімі мен ғылымында, әдебиеті мен өнерінде халқына жарық жұлдыз болып сәулесін шашқан талай ұл-қыздары осындай ауыл мектептерінен қанат қағып шыққан болатын. Сондай мектептердің бірі 1947 жылы іргетасы орта мектеп болып қаланған М.Горький мектебі еді. Бұл – қазіргі №25 орта мектебі.
Егер «Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның» деген жыр жолдары белгілі ән жолдарында алғашқы ұстазға қаратып айтылған болса, онда бұл жерде Мектеп Анаға қаратып айтылар еді. Ол – Қожабақы ауылындағы №25 орта мектебі.
1994 – 2002 жылдардың арасында осы күнгі 70 жасқа толып отырған Қожабақы мектебінде әдебиет, құқық, тарих пәндерінің мұғалімі болдым. Егер мектептегі мұғалімдік жұмысым 1994 жылдан басталса, осы кезеңде, яғни 1995 жылы «Ұлттық рух жоқ жерде…» деген тақырыппен алғашқы мақалам жазылған еді, ол осы 1995 жылғы облыстық «Сыр бойы» газетінің бетінде жарық көрді. Ал 1996 жылы 1456 жылды негізге ала отырып Қазақ хандығы құрылуының 540 жылдығына арналып жазылған, өзімнің жазған тарихи тақырыптағы сахналық көріністерімнен тұратын «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» атты алғашқы жазылған сценарийім дүниеге келіп, ол осы 1996 жылғы Қазақстан еркіндігінің 5 жылдығына байланысты Қожабақы ауылдық мәдениет Үйінің сахнасында қойылды. Ал 1997 жылы 8 наурыз мерекесінің қарсаңында қазақ арулары, қазақ қызы тақырыбына арналып жазылған «Қарындасқа тілек» деген атпен шыққан алғашқы өлеңім дүниеге келіп, оны осы 1997 жылғы 8 наурыз мерекесіне байланысты Қожабақы ауылдық мәдениет Үйінің сахнасында өткен «Қыз сыны» байқауында осы сайыстың жүргізушісі Самал Сәрсен оқыды. Самал Файзекеқызы – мектептің бастауыш сыныбының ұстазы, Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектептің бір кезгі шәкірті. Өлең сол 1997 жылғы Қазалы аудандық «Қазыналы Қазалы» газетінің бетінде жарық көрді.
1988-1989 оқу жылында осы жоғары оқу орнының жанындағы 7 айлық, кешкі дайындық курсын бітіріп шыққаннан соң, 1989 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Қазақ филологиясы және тарих» факультетіндегі (факультет жетекшісі – Бағдат Кәрібозұлы Кәрібозов) «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс, күндізгі бөліміне келіп оқуға түстім. Оны 1994 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» квалификациясымен бітіріп шығып, 1995 жылы осы жоғары оқу орнының «Тарих және құқық» факультетіндегі (факультет жетекшісі – Мұрат Бақтиярұлы Мұхамедов) «Тарих және құқық негіздері» мамандығының 1-курс, күндізгі бөліміне келіп екінші рет оқуға түстім. Осы 1995 жылы аталмыш факультеттегі «Құқық және құқықтық тәрбие беру әдістемесі» мамандығының 2-курс, сырттай бөліміне оқу орнының ректоры Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовтің рұқсатыменен ауысып, 1999 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Заңгер-оқытушы» квалификациясымен бітіріп шықтым.
1998 жылы №25 мектептің фестиваль бағдарламасына арналып жазылған «Мен қазақпын тараған Көк түріктен» атты сценарийім үшін қазылар алқасының құрамындағы – Қазалы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Болат Жолтаев пен қазылар алқасының төрағасы, Қазалы аудандық музыка мектебінің директоры Роман Әуезовтердің шешіміне сәйкес аудандық білім қызметкерлері «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты атағы беріліп, дипломы табысталды. Осы 1998 жылы №25 мектептің өзіне арналған, оның 1997 жылы орта мектеп болып құрылған тарихына жарты ғасыр толып тұру құрметіне арналып жазылған, мектептің байырғы ұстаздары мен белгілі түлектерінің есімдері аталатын өлеңім жарыққа келді. Ол әуелде «Мектебім менің осындай» деген атпен жазылып, оны сол 1998 жылдың қазан айында, Мұғалімдер күні мерекесінде Қожабақы ауылдық мәдениет Үйінің сахнасында мектептің 10-сынып оқушысы Серік Өтепбергенов алғаш рет домбырамен орындап шықты. Осы 1998 жылы мектеп әкімшілігінің Құрмет грамотасын алдым.
1999 жылы өзімнің сазгерге өтінішіммен мектептің әні дүниеге келді. Оны сол 1999 жылдың 9 мамыр мерекесінде Қожабақы ауылдық мәдениет Үйінің сахнасындағы кеште мектептің 11-сынып оқушысы, мектептің 50-түлегі Айзат Байназарова алғаш рет орындап шықты. Мектеп бітіріп бара жатқан түлек өз мектебінің әнінің осылай тұсауын кесіп беріп кеткендей болды. Сазгердің бастамасымен менің өлеңіме жазылып жарыққа келген «Қожабақы боздақтары» әні де осы күні алғаш рет орындалды. Осы 1999 жылы мектеп әкімшілігінің Құрмет грамотасы берілді.
2000 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің арасында өткен аудандық олимпиаданың жүлдегері атанып, Мақтау қағазы табысталды. Осы 2000 жылы мектептегі құқық негіздері пәні бойынша аудан мектептері оқушыларының арасынан алғашқы болып облыстық ғылыми жобалар жарысына қатысқан шәкіртім «Мұсылмандық құқық және оның қолданыстағы құқықтан ұқсастығы мен айырмашылығы» деген тақырыптағы оқушының ғылыми жоба жұмысы үшін облыстық жарыстың грамотасын иеленді. Осы 2000 жылы облыстық білім департаментінің Құрмет грамотасын алдым.
2001 жылы оқушым мектеп тарихында тұңғыш рет республикалық білім бәйгесіне қатысты. Менің жетекшілігіммен аудан мектептері оқушыларының арасынан әдебиеттен республикалық ғылыми жобалар жарысына тұңғыш болып қатысқан оқушым 2000 жылдан бастап Бүкіләлемдік ғылым мен техника көрмесінің филиалы болып табылатын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының 1999 жылдан бері өткізіп келе жатырған оқушылардың ғылыми жоба жарысының IV республикалық кезеңіне өтіп, жұмысын қорғап, «Халық ақыны Байназар Өтепов шығармашылығындағы ел тағдыры және ақын өлеңдерінің көркемдік мәні» деген тақырыптағы ғылыми жоба жұмысы үшін республикалық ғылыми жобалар жарысының II дәрежелі дипломын алды.
Биыл осы орта мектептің құрылғанына 70 жыл толып отыр. Қожабақы мектебі де, ауылдық мектеп болса да, іргелі мектептердің қатарынан саналады. Оның дәлелі – Қожабақы мектебі тек Қожабақы ауылының балаларына ғана сабақ берген мектеп емес, Қожабақыда 1947 жылы орта мектеп құрылғанда, оның маңайындағы ауылдарда әлі орта мектептер бола қойған жоқ еді. Сондықтан ол ауылдардың көптеген балалары орта білімді Қожабақы мектебінен келіп алып отырды. Осы мектептің түлегі атанды, осы мектептен аттестат алды, осы мектептен өмір айдынына аттанды. Бұл үрдіс күні кешеге дейін жалғасын тауып келді. Кейін сол балалардың ішінен есімдері көпке белгілі мектептің түлектері шықты. Олар екі ауылға да – Қожабақы ауылына да, өздерінің кіндік қандары тамған топырақтарына да есімдері қатар айтыла беретін ортақ перзенттер болып қалды.
Сырға толы өткені,
Ізгіліктің көктемі,
Білімге кең жол ашқан –
Қожабақы мектебі.
Бұл – мектептің вальсінің әнінің қайырмасы. Расында да, Қожабақы мектебі білімінің әу бастағы іргетасы қандай болған? Біз бұл жөніндегі дәлелді деректі мектептің 1955 жылғы Күміс медальмен бітірген түлегі, профессор Алмас Жаманбаевтың мектептің 1954 жылғы түлегі, мектептің алғашқы медалисі, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰУ) экономика факультеті, қаржы және несие бөлімін үздік бағалармен бітірген түлек-маманы, еңбек жолын өндірісте инженер-экономист қызметімен бастап, өндіріс саласында жоғары басшылық қызметтерге көтерілген, Қаражал қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, Қаражал қалалық атқару комитетінің төрағасы, «Атасуруда» акционерлік қоғамының вице-президенттері қызметтерін атқарған, Қаражал қаласының құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері болған Әби Дәулеткерімов жайындағы 2013 жылы жергілікті «Қазалы» газетінде жарық көрген «Қажымас қайрат иесі еді» атты естелік мақаласынан кездестіре аламыз. Онда автор 1953 жылы Қожабақыдағы М.Горький мектебінің тоғызыншы сыныбына оқуға келіп, осы жерде 10-сыныпта оқып жүрген қожабақылық ұл Әби Дәулеткерімовпен алғаш рет танысады. Кейін мектептің екі бірдей Күміс медальмен бітірген түлектерінің жолдастық, достық қарым-қатынастары сол кездегі Қазақстандағы жалғыз университеттің – бірі экономика факультетінде, бірі филология факультетінде оқып жүрген кездерінде де одан әрі жалғаса түседі. Кейін университеттен соң Әби Дәулеткерімұлы: «Мен университетте оқыған кездерде көп қиыншылық көргенім жоқ. Өйткені, мектепте оқытқан ағайларымыз бен апайларымыз бізге бүкіл ғылымның негіздерін терең түрде санамызға сіңіре білді», — деп еске алады екен. Сонда өз шәкірттеріне Алматыдағы университетте университеттік білім алуға қиындық туғызбай, соған апарар білімнің іргетасын дұрыс қалап беріп жіберіп отырған сол кездегі М.Горький колхозының мектебінің мұғалімдері еді. Демек, осыған дейін де Қожабақы мектебінің тарихы туралы айтылғанда мың сан рет айтылып жүрген «Қожабақы мектебінде білімнің негізі болды, мұнда мықты-мықты деген ұстаздар жұмыс істеген еді» деген сөздің ақиқаттығына тағы да көзіміз жете түскендей. Мақалада ол ұстаздардың да есімдері келтіріле кетеді. Мақалада ол жайлы: «Ол мұғалімдер: Жәрмедет Хайруллаев, Қожақова Хадиша, Ербатыров Жұмамұрат, Тықыбаев Қуаныш, Уәйіс, Халт Нұржігітовтер, Шафиева Галина Хафизовна, Кемалов Жиеней, Янковская Лидия Матвеевна, Бакешов Қожабай, Айтмамбетов Алдахияр, Оңғаров Тілеп, тағы басқалары» деп көрсетеді. Мектеп жайлы жазылған өлеңде де бұл ұстаздардың базбірінің есімдері келтірілген. Және мектептің алғашқы күміс медалін алған түлектері Әби Дәулеткерімовтің де, Алмас Жаманбаевтың да, мектептің алғашқы алтын медалін алған түлегі Алпысбай Қарамолдаевтың да есімдері келтірілген. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» дейді дана халқымыз.
Қожабақы мектебін орта мектеп болып құрылған 1947 жылдан бергі уақытта 8 мектеп директоры басқарған. 1947-1949 жылдар арасында Мүлкібаев, 1949-1953 жылдар арасында Ж.Хайруллаев, 1953-1959 жылдар арасында Қ.Бакешов, 1959-1965 жылдар арасында М.Қожабаев, 1966-1968 жылдар арасында А.Қартбаев, 1968-1976 жылдар арасында І.Нағашыбаев, 1976-1985 жылдар арасында А.Есетов, 1985-2016 жылдар арасында А.Темірбаев басқарды. Қазір мектепке жаңа басшы сайланған. Осы уақыт арасында 26 оқушысы мектепті үздік бітіріпті. Олар өздерінің білімдерін алтын медальға, күміс медальға, «Үздік аттестатқа» және «Алтын белгіге» дәлелдеп шыққан ұл-қыздары еді.
Мектеп жайлы айта алдық па біз ұға,
Шәкіртіне қарайтын ел қызыға.
«25-те оқығам» дейді ұлы да,
«25-те оқығам» дейді қызы да.
Әр түлектің еңбегі еткен бағалы
Мектебінің есінде әр кез қалады.
Талай білім сынағында еңкеймей
Жиырма бестің биік тұрған жалауы.
Талай шәкірт өткеніне қараған
Шығармайды өз мектебін санадан.
Жиырма бес те спортта, өнер, білімде
Мықтылардың алдын талай ораған.
Биылғы оқу жылының қорытындысымен мектептің тағы да екі түлегі мектепті «Алтын белгі» белгісіне бітіріп шықты. Мектеп тарихындағы алтын медаль иегерлерінің саны 7 болса, енді «Алтын белгі» иегерлерінің саны да 7-ге толықты.
Сөзімізді мектеп анамыздың 50 жылдық кезеңіне орай және 50-түлектерін ұшыру құрметіне орай дүниеге келген «Қожабақы мектебінің вальсі» әнінің өзінің бір шумағымен түйіндесек:
Білімнің бағалаған нарқын ұям,
Сақтаған дәстүрлерін, салтын ұям.
Болашақ ғасырларға шуақ шашып,
Жайнай бер мәңгілікке, алтын ұям!
Автордан: Автор автордың өз өтінішімен мектептің термесін жазып, орындатқызып бергені үшін (2016, маусым айы) Қазалы аудандық мәдениет Орталығының директоры Кемеңгерге, термені салып, орындап бергені үшін Қазалы аудандық мәдениет Орталығының жыршы-термешісі Жәнібекке, вальсті орындатқызып бергені үшін (2016, желтоқсан) Қызылорда облыстық филармониясының қызметкері Таңшолпанға, әнді айтып, орындап бергені үшін Қызылорда облыстық филармониясының әншісі Ринатқа рақмет айтады. Мәдениет, өнер саласында жүрген осы қыз-жігіттерге табыс тілейді.