Қазақстанға төлеген салығы азайып жатыр: Машкевич компаниясының есебі жарияланды

0

Еуразиялық топ (Eurasian Resources Group, ERG) былтыр Қазақстанда 830 млн доллар салық төлеген. Бұл туралы 2023 жылғы тұрақты даму бойынша жарияланған есебінде айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА ТӨМЕНДЕП КЕЛЕДІ

Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 9%-ға төмен, сол уақытта салық төлемдері 913 млн долларды құраған.

ТАБЫСЫ АЗАЙҒАН

Салық төлемдерінің қысқаруы топтың жалпы кірісінің төмендеуіне байланысты: ERG-дің 2023 жылғы табысы 6,5 млрд долларды құрады, бұл өткен жылғы 7,9 млрд доллардан аз. Топ негізінен Қазақстанда пайдалы қазбаларды өндірумен айналысады, ERG салық түсімдерінің негізгі көзі де солар. Ол компания міндетті төлемдерінің басым бөлігін қамтамасыз етеді.

БАСҚА ЕЛДЕРГЕ ҚАНША ТӨЛЕГЕН

Есепте Конго Республикасындағы Metalkol зауытындағы кобальт бағасының төмендеуі мен кобальт гидроксидінің өндірісінің азаюы да көрсетілген. 2023 жылы топтың барлық елдердегі жалпы салық төлемдері 1257 млн долларды құрады, бұл өткен жылғы 1815 млн доллардан айтарлықтай аз. Қазақстаннан тыс негізгі салық төлемдері Конго Демократиялық Республикасына – 345 млн доллар және Бразилияға – 13 млн доллар түседі, ал ERG-дің қаржылық ағындары тіркелген Швейцария мен Нидерландтағы салық төлемдері минималды деңгейде.

Есепке сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстан үкіметі ERG-нің 40% акциясына ие, ал ең ірі жеке акционерлер — Александр Машкевич, Ибрагимовтар мен Шодиевтер отбасылары.

ERG ТУРАЛЫ

Шухрат Ибрагимов – марқұм Алиджан Ибрагимовтың ұлы, “Евразия” сақтандыру компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, “Еуразиялық қаржы компаниясы” және “Еуразиялық банк” акционерлік қоғамдарының директорлар кеңестерінің мүшесі, ERG-нің бақылау кеңесінің мүшесі.

Александр Машкевич – Израиль азаматы, бірақ Қырғызстанда туған, онда білім алған, жұмыс істеген және кандидаттық диссертация қорғаған. Оның өмірбаянында Қазақстанда бизнесті 80-ші жылдардың соңында бастағаны, “Невада-Семей” қозғалысының белсендісі болғаны туралы айтылған.

Патох Шодиев – ұлты өзбек, Джизак қаласынан шыққан, Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында диссертация қорғаған және саясаттану докторы дәрежесін алған.

Машкевич, Патох Шодиев және Ибрагимовтар отбасылары – “Еуразиялық үштік” деп аталатын, Қазақстанның жартысын иеленетін ең танымал олигархтар.