Шешім әділетсіз – Аймағамбетов бюджет бөлетіндерді адамгершілікке шақырды

0

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов паллиативтік көмекке мұқтаж мыңдаған қазақстандық қиын жағдайда екенін жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

– Соңғы күндеріңізде ауырсынудан арылып, лайықты күтім алудың орнына жалғыз қалып, жан азабын кешіп жатқаныңызды елестетіңізші. Өкінішке қарай, бұл – паллиативтік көмекке мұқтаж мыңдаған қазақстандықтардың бүгінгі шындығы. Әрбір адам өмірден азапсыз, абыроймен өтуге құқылы. Паллиативтік көмек дәл осы құқықты әрбір қажет етушіге қамтамасыз ету үшін керек. Қазақстанда 100 мыңнан астам адам, оның ішінде онкологиялық аурулардың соңғы сатысындағы науқастар, инсульттан кейінгі адамдар және жазылмайтын аурулары бар балалар осындай көмекке мұқтаж, – дейді депутат.

Асхат Аймағамбетовтың жазуынша, бұл салада көптеген мәселе бар: хоспистердің жетіспеушілігі, ауырсынуды басатын дәрілерге қолжетімділіктің шектеулілігі, білікті мамандардың тапшылығы. Оның үстіне, паллиативтік көмекке арналған ағымдағы бюджеттегі тарифтер тым төмен, бұл шынайы қажеттіліктерді толық қамтуға жеткіліксіз. Осындай қиындықтарға қарамастан, келесі жылдың бюджет жобасында паллиативтік көмекті қаржыландыруды қысқарту ұсынысын көргенде Аймағамбетов бұл шешімнің қаншалықты әділетсіз екенін түсіндік дейді.

– Біз, керісінше, қаржыландыруды 4 млрдқа дейін ұлғайтуға күш салдық, өйткені әрбір адам өмірінің соңғы күндерін азапсыз, құрметпен және тыныштықпен өткізуге лайық. Бұл тек денсаулық сақтау мәселесі емес — бұл адамгершілік мәселесі. Паллиативтік көмекке бөлінетін тариф көлемін шұғыл түрде қайта қарау қажет. Денсаулық сақтау министрлігіне рахмет,  бұл бастамамызды қолдап отыр, бұл бағытта біраз жоспарлары да бар, сондықтан алдағы уақытта бірлесіп осы маңызды мәселені шешеміз деп сенеміз, – дейді ол.

АҚША НЕГЕ ҚЫСҚАРУЫ КЕРЕК

Онкологиялық науқастарды емдеуге, гемодиализге, паллиативті көмекке бөлінетін бюджет қаражатын қысқартудың орнына Денсаулық сақтау министрлігі басқа шаралар арқылы жүздеген миллиард үнемдей алатырнын депутат Асхат Аймағамбетов бұған дейін де жазған еді. Ол Жоғарғы аудиторлық палатаның есебіне назар аударуға шақырған.

МӘСЕЛЕ НЕДЕН ТУЫНДАДЫ

Онкологиялық науқастар үшін бюджетті қысқарту мәселесін Денсаулық сақтау министрлігі көтергелі біршама дау туындаған. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстандағы онкологиялық қызмет мәселелері талқыланып жатқан Мәжіліске келмеген еді.

Денсаулық сақтау министрлігі кенеттен онкологиялық ауруларды емдеуге арналған бюджетті 20% қысқартуға шешім қабылдағаны белгілі болды. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, ведомствоны осындай маңызды шешім «кулуарлық» және талқылаусыз қабылданғаны үшін сынға алды.

Оның айтуынша, министрлік бұл адам өміріне қатысты екенін баса айтып, қарама-қайшы шешімдер қабылдайды.