Атырауда сауда орталықтарының бірінен өрт шықты

0

Атырауда “Байзаар” сауда орталығында өрт шығып, қалада сирена қосылды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі АқЖайық сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Шамамен сағат 18:40-та «Байзаар» сауда орталығына өрт сөндіру қызметінің көліктері, полиция және жедел жәрдем көліктері келе бастады.

«Сағат 18:37-де Атыраудағы сауда ойын-сауық кешендерінің бірінде түтін шыққаны туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына бірден Атырау облысының төтенше жағдайлар қызметінің күштері жетіп, 80 адамды, оның ішінде 45 баланы қауіпсіз жерге көшірді. Оқиға орнында штаб құрылып, өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге Атырау облысының ТЖД 90 қызметкері мен 12 бірлік техникасы жұмылдырылды”, – деп мәлімдеді Атырау ТЖД.

Тұрғындардың айтуынша, түтін ғимараттың 1-қабатының кіреберісінен шықты. Бірақ екінші қабат та өрт болған екен.

Сағат 21:00-де 2 жедел жәрдем бригадасы, бөлім психологтары, апаттар медицинасы орталығының 4 қызметкері, ролиция департаментінің 50 қызметкері, 23 бірлік техника мен төтенше жағдайлар қызметі келген.

Өрт 21:58-де оқшауланып, 22:50-де толығымен сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы – 1000 шаршы метр. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына электр сымдарындағы қысқа тұйықталу себеп болған.