Ұлы дала тамыры | «Айқын» газеті

0

Уақыт дейтін асау ат жалына қолды бір тигізіп, бір тигізбей заулап келеді!
Ойға, жанға тыным берер емес…
Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялағаны күні кеше ғана секілді еді.
Енді, міне, көзді ашып-жұмғанша 27 жыл өте шығыпты.
Қазақстанды замана сынына аямай салған, ерін әлемге танытып, елін өркениет дейтін ұлы кеңістікке алып шыққан жылдар ғой, бұл…
Алаштың ұлы қаласы – Алматы теңіз­дей теңселіп, азаттықтың ақ жал толқы­нымен алысқан күндер қаз-қалпы жады төрінде жаңғырып отыр. «Тәуекел дейтін жел қайық, мінесің де өтесің, мұратыңа жетесің…» дейтін ескінің сөзі еске түседі. Әлемнің алтыншы бөлігін жайлаған адамзат тарихындағы алтыншы империя­ның аласұрып алысып, қозға­лыс­қа түсіп кеткен уақыт дейтін алып махо­вик­ті тоқтатпақ болған қасіретті сәт-сағаты, аянышты халі көз алдымызда тұр…
Көп айтылып, көп жазылған өткен ғасырдың соңғы онжылдығы жайлы жаңа сөз тауып айту қиын.
Дегенмен…
Ақиқат жалғыз болғанымен, ақиқатты айғақтап айтар, әр жұмырбас пенденің жүрегін жарып шығар өз шындығы бар…
Әр жыл сайын қабырғалы жұртымыз Тәуелсіздік мерекесін атауға қызу кірісе бастағанда менің көз алдыма екітүрлі көрініс пен екітүрлі өмір, қоғам, дәуір ақиқаты елестейді. Біріншісі – бүгінгі жас ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейтін, білгенінің өзі тоқырауы мен топалаңы мол сол тоқсаныншы жылдар туралы жазыл­ған мақалалармен, тарихи кино­лен­та­лармен шектелер өмір, қоғам, дәуір шындығы; екіншісі – әлемнің алты құрлығы танып, мойындаған, төріне ару қала – Астана қонған, жеңісі мен жемісі ел сеніміне қанат бітірген тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі шындығы!
Екі шындықтың екеуі де – бір бүтін ұлы жұрттың тәуелсіздік дәуіріндегі өрісі мен өрке­нін айғақтар, бастан кешкен қиын­дығы мен қызуы мол жылдарға қанат бітірер тарихтың тағылымды тараулары, баянды беттері.
Біз – соның екеуін де көзімен көріп, көкірек таразысы арқылы өткізген буынның өкіліміз. Сондықтан екі кезеңнің екеуі де біз үшін аса қадірлі, қымбат. Әрі-беріден соң тарих алдында ақ сөйлеп, ойыңды адал өріп, елге, ел тағдырына қатысты өз пікіріңді жаңыл­май айту – парыз.
Өткенсіз бүгін жоқ…
Бүгінгі ұрпақ – кешегі әкелер мен аталардың жалғасы.
Уақыт айтар ел болу мен елдікті тұтастықты сақтаудың қарапайым тарихи аксиомасы – осы.
Осылай ой өріп, сөзімізді де еркін кеңістікке осы тұрғыда бағыттасақ, тарихи ақиқат дейтін қастерлі ұғымға көз жеткізеріміз күмәнсіз.
Иә…
Тоқсаныншы жылдар ұсынған сын мен емтихан Қазақстан үшін оңайға түскен жоқ. Бұл қиындықтарды Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің баламалы негізде сайланған ХІІ Шақырылуының депутаты ретінде жан-жүрегіммен сезін­дім. Әсіресе, тәуелсіз ел болу жолын таң­да­ған Қазақ елі үшін ауырдың ауыры жері­нің асты мен үстінде жатқан байлығы бол­ды. Бұл – бір теңіз. Екінші қиындық – өз жерінде өзі қырық пайызға жетер-жетпес ұлт болып, тіл мен ділдің таршы­лы­ғына ұшырағаны. Үшінші қиындық – алып империяның әскери-стратегия­лық күштері мен ядролық қондырғы­лары­ның қазақ жеріне жайғасқаны. Айна­­лып келгенде, осы тақілетті қиын­дық­тар қазақ даласының аса күрделі геосаяси ахуалын қиындата түскені анық еді.
Бұл қиындықтарды Жоғарғы Кеңес құрамында жүріп, депутат мандатын ұстамасам, толық ұғына қоямын деп айта алмас едім…
1990 жылғы аласапыран оқиғалар мен 1991 жылғы СССР Жоғарғы Кеңесінде жүріп, империяның ыдырауын өз көзім­мен көрмегенде, бәлкім «Құралай­дың салқыны» дейтін жыр жинағындағы сол кезең туралы ащы жырлардың жазылар-жазылмасы екіталай еді?!

«Азатпын мен…
Байқашы, өзгешемін,
өзгешелеу ойым да, сөз де, сенім.
Әйтсе де әлі кеудемде бір күдік бар,
Ауық-ауық сонымен кездесемін.
Сескенердей көңіл де көше неден,
Не көрмекпіз тағдырдан, пешенеден?
Еркіндігім – жас сәби…
Тәй-тәй басқан,
ойлап соны кеудемен көшеді өлең…

Ой – ну орман,
Батамын мұңға бөтен,
жырларыма жүректі құндақ етем.
Жасырмаймын, алаңмын, күдіктімін,
«Дайын ба, – деп, – мынау ел сынға бекем?!»

Мида күрес жүруде жүректерде,
шайқалуда шаңырақ – тірек төрде.
Көзде жалын, көңілде бір алапат,
ұйытқып-ұйытқып тұрғандай бір от-перде.

Бұлдырайды болашақ көк аралы.
Дауыл тұрса…
Белгісіз не болары?
Сақта, Пірім!..
Әйтеуір анық білем:
көп нәрсенің сұраусыз жоғалары.

Сол үшін де аспаннан, Күн, Айдан да
күрсінгенде сұраймын, мұңайғанда:
Сол сағатты соқтыра көрмесін деп,
Адамнан да сұраймын, Құдайдан да.

Асу – қиын, әрине… Жол – шұбалаң…
Еркін жел боп кеудеме енші, ғалам.
Періден де, сұраймын періштеден
Азаттығым аяулы болсын аман! – деп өз тағдырын құдыреті күшті ұлы Жаратушы­ға, қала берді Нұрсұлтан Назарбаев есімді ұлттың қайсар тұлғалы перзентіне сеніп тапсырған қалың қазақстандықтың бірі ретінде уақыттың күдігі мен күмәнін арқалай жүріп, сенімді серік еткен төмен­дегі­дей «Азаттық жыры» да жазылып еді.

Көгімізге көкпеңбек қып ту ілдік,
көк түріктен қайта түлеп біз тудық.
Ой да,
Қыр да,
Ой-сана да жасарды,
Бостандықтың жаңбырына жуындық, көкпеңбек қып ту ілдік!
Төзім, жігер – қара қайыс, кендірдей,
аңсап жеткен Азаттығым өндірдей.
Жүрегімде ғасырлардың ұраны,
ойы терең,
асқақтығы сеңгірдей…
Азаттығым өндірдей!

Жүрегімде Жаратқанның ізгі үні,
жоқ демеймін тірлігімнің сыз, мұңы…
Қашан?
Кімге?..
Тиіп еді оп-оңай
Бостандықтың бас бермейтін тізгіні?!
Жаратқанның ізгі үні!
Әуелі «Жаңа дәуір қазақ үшін, қазақстандықтар үшін қашан, қалай басталып еді?» деген сауалға жауап іздеп көрелікші…
Шынында да қашан, қалай, неден басталып еді?
Еске түсіріп көрелік…
Шаңырағы шайқалмайтындай көрін­ген, достық пен бауырластық хақын­дағы ұраннан ұрпақтар құлағы тұнатын имп­е­рия­ның нағыз кескін-келбетін таныт­қан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын қалай ұмытуға болады? Кеңестер Одағының шынайы болмысын, түпкі мақсатын әлем Алматы төрінде бұрқ ете қалған қазақ жастарының қайсарлығы мен ерлігі арқылы танығанын ешкім жоққа шығара алмайды. Шынтуайтына келгенде, айбар­лы империяның айбынын жасқап, жалы­нын басқан, тәуелсізденуге жол аш­қан жаңа дәуірдің басы – осы Жел­тоқ­сан көтерілісі! Нұрсұлтан Назарбаев ол туралы: «Көне дүниенің көбесі содан бастап сөгіле жөнелді. Вильнюс, Тбилиси, Баку оқиғаларына жалғасты… 1986 жыл­ғы желтоқсан қазақ жастарының ұлттық санасының қаншалықты өскенін көрсетіп берді. Бір ғасыр бойы халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған өктемдік үрдісінің алдындағы қорқыныш алғаш рет еңсерілді. Жастар айдай әлем­нің алдында кез келген ұлтқа тән ұлттық намыс бұдан былай ешқандай баса-көктеуге мойын ұсынбайтынын паш етіп берді», – деп жазады «Ғасырлар тоғысын­да» кітабында.
Өткен ғасыр оқиғаларының бел орта­сын­да жүрген, жаңа дәуір ұсынар, күрмеуі қиын ғаламдық проблемалардың оң шешіліп, жаһандану жағдайындағы Қазақ­станның өзін-өзі тәуелсіз ел ретінде сақ­тауының, сақталуының алуан-алуан жолдарын іздеумен бірге, аймақтық, құрлықаралық іргелі мәселелерге де тікелей араласып келе жатқан, есімі әлем­г­е мәшһүр саясаткер аузымен айтыл­ған мына сөздің төркінінен біз қазақ ұлтының ерлік тарихынан өз орнын ойып алар ұлы оқиғаға берілген әділ бағаны аңғарумен қатар, ойы ұлтым деп тебіреніп, жүрегі ұлтым деп соғатын, дүниелік құбылыстар мен әлемдік өзгеріс атаулыны кең ойлап, кең пішетін, ел болашағы мен ертеңін алдағы ғасырлардан көруге ұмтылатын еуразиялық жараты­лы­сы берік тұлғаның ақиқат алдындағы адал сөзінің де куәсі болып отырмыз.
Еуразиялық жаратылыс дегеннен шы­ғады… Қазіргі таңда Батыс, Шығыс түгел мойындайтын бір шындық бар. Ол – ғаламды сақтаудың бірден-бір жолы өркениеттер мен өркениеттер арасына дәнекерлік көпірін салып, дініне, тіліне, түр-түсіне қарап алаламай, адамзат бала­сын диалог пен тең дәрежелі түсініс­тік жағдайында ғұмыр кешу үлгісіне бейімдеу. Толеранттылық, яғни төзімділік деп жүр­ген өмір сүру салтын қалыптастыру. «Сабыр түбі – сары алтын» дейді даныш­пан халқы­мыз. Қазақтардың «сабыр» дей­тін салмақты ұғымды өміріне серік етуі тегін емес. Тіпті, толе­рант­ты­­­лықтың қазақы санадағы баламасы да осы сабыр сөзі болуы тиіс. Қазақ өмірін­де­­гі сабыр ұғымының объективті, субъек­тив­­ті факторлары бар. Объективті фактор – ұлан-байтақ жеріміз­дің Батыс пен Шығыс өркениет­тері­нің шекарасында жатуы. Соған орай, өмір, коғам, уақыт ұсы­нар проблемаларды шешу­дің сахара­лық үлгісінің қалыптасуы. «Сабырлы жетер мұ­рат­қа» деген сөз соның айғағы болса керек.
Осының өзі…
Жаңа тарих сахнасына ұлттық тәуел­сіз­­дігімізді толайым тағдырымен, толық кескінімен алып шығып, әлемге жаңа тұрпатты Қазақ елін алғаш танытуда, осы жолда аса маңызды тарихи құжаттарға қол жеткізуде, ондаған ірі мемлекеттермен саяси, экономикалық байланыстар орна­ту­да, шек-шекарамызды белгілеп, оны түбегейлі бекітуде, Батыс, Шығыс қарым-қа­тынастарын таразылауда, қазіргі таң­да­ғы күрделі геосаяси ахуалдар қоры­ғы­нан аман шығып, жаһандану жағдайында әлем танып, мойындаған тәуелсіз мемле­кет құру­да қазақстандық үлгінің қалып­та-
суы – Тәуелсіздіктің ұлы жеңісі! Тәуел­сіз­дік көшін бастаған кемел тұлғаның жеңісі!
«Мәңгілік ел» болуды мұрат еткен Қазақстан үшін басты мақсат – Тәуелсіз­дікті көздің қарашығындай қорғау бол­ған­да, қазіргі таңдағы басты қажеттілік – елдің ішкі ынтымағы мен бірлігін қамтамасыз ету.
Айтулы ұғымның тамыры, сөз жоқ, тереңде жатыр. Ондаған жылдармен емес, ғасырлармен өлшенетін уақыт қойнауы­нан бастау алар «Мәңгілік ел» бабалары­мыз­дың аманаты. Бұл – біздің дәуірімізге дейінгі ұлы дала төрін тұлпар тұяғымен шаңдатып, Батыс пен Шығыстың жазба тарихына енген еңсегей бойлы, ер тұлға­лы аталарымыздың арманы! Бұл – аспан асты, жер үстінде жарасты ғұмыр кешіп, Алаш туын желбіреткендердің көксегені!
Ү­ш мың жылдан асып жығылар тари­хы бар ұлы байтақ басынан не кешпеді? Ал­мағайып заманалар азуын, ұлы Жара­ту­­шының пешенеге бұйыртқан жазуын көре жүріп, Алаш – Алаш болғалы,
қазақ – қазақ болғалы бұл кеңістік соғыс­ты да, сойқанды да аз көрген жоқ… Қытай бума­ла­рында қатталған, араб жазбала­рын­­­да сақталған, тарихшылардың атасы Геро­дот­тың кітабына енген, армян жазу­лары­мен өрнектелген, тасқа қашал­ған, папи­рус­­тың бетіне түскен ұлы тарихтың ше­шен тілді, көсем мінезді кешегісіне көз тоқ­­татқан кез келген білімді, парасатты адам екі мәдениет пен екі өркениеттің өла­ра тұсында жатқан ұлы дала туралы бө­тен ойлап, бөгде сөз ойлауы мүмкін емес.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылда­рын­да әлемнің географиялық картасында тәуелсіз ел ретінде пайда болған Қазақ­стан мемлекеті, сөз жоқ, осынау ұлы далада өмір сүрген сол үлкенді-кішілі мемлекеттердің жалғасы! Мұрагері! Тәуелсіз Қазақстанның араға көп уақыт салып, әлем аренасына қайта келуі – феноменалды құбылыс. Көк пен жер арасында болатын космостық байланыс­тың барына сенер болсақ, бұл құбылыс, ең әуелі, екінші дүниедегі ұлы әруақтар­дың қолдауымен, мына дүниедегі жалғас­тар­дың жалғасы болған тегеурінді ұрпақ­тың жүрегінің қалауымен болғаны анық.
Бұл – тарихи объективті фактор.
Тәуелсіздік дейтін еш теңеу мен анықтауышқа тізгін ұстата бермес қасиетті ұғымның қадіріне бір жетсе, біздің қазақ жетуі тиіс деп ойлаймын. Қадіріне көкірек көзі мен жүрек сөзі жете алмаған ұғымның құны – көк тиын. Тәңірім содан сақтасын!
Бұл – қазіргі таңда ұрпақ, ұлт алдында тұрған өзін-өзі сақтау мен өзін-өзі қорғау­дың басты міндеті.
Бұл – ұлттың ішкі діңгегі мен рухын тас-түйін бекітер басты қағидасы!
Ол туралы даму мен өрістеудің жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның бүгінгі тағдыры мен ертеңгі болашағын анықтау хақында Елбасының ұрпақ пен ұлт санасын жаңғырту туралы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Дала­ның жеті қыры» атты мақаласында жан-жақты терең айтылған.
Тәуелсіздік – тағдырымыз!..
Тәуелсіздік – Мәңгілік ел болудың басты кепілі.
Тәуелсіздік – алпыс екі тамырында ыс­тығы бәсеңсу білмес ұлы даланың асау қаны!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Дереккөз: Айқын