«Төрт ұлымның төрт үйір жылқысы бар»: Тоқтар Серіков бала тәрбиесіне қатысты ойын бөлісті

0

Танымал әнші Тоқтар Серіков ұлдарына енші бөліп бергенін айтып, бала тәрбиесіне қатысты ойын бөлісті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Бағдарламадан скриншот

Өнер иесі журналист Әйгерім Сейфолланың “Сырласу” бағдарламасында қонақ болды.

“Өзім ауылда өстім. Балаларымды да ауылға, атқа жақын етіп тәрбиелегім келеді. Қара шаңырақта інім ғана бар. Бұрынғыдай әке жоқ, шеше жоқ. Сонда да жиі барып тұрамыз. Мені мақтанып отыр деп ойлап қалмасын, бірақ айтайын. Ауылда шаруашылығым бар. Төрт ұлыма төрт үйір жылқы жіберіп қойғанмын. Әрқайсысы өз үйірінде қанша бас барын жақсы біледі. Еншілеп, арнайы бөліп бердім. Оны дүние, байлық ретінде емес, иесі мен екенмін ғой, әкемнің бір ісіне жарайды екенмін ғой деген ойы болсын деп жасап қойғанмын. Асау үйрететін жасқа жетпеді. Бірақ басқасының бәрін біледі», – деді өнер иесі.

Сондай-ақ ұлдары жылқы ғана емес, тазыға да қызығатынын жасырмады.

“Ұлдарымның бір-бір иті бар, төбет те, тазы да. Енді бүркіт, қаршығаға қызығып жүр. Бірақ бұл жағы қиындау болып тұр. Оны баладай бағу керек. Оған менің уақытым жетпейді. Өзім тәрбиені ауылдан алдым, сондықтан елге жақын болсын деп жасап жатырмын», – деді әнші.

Еске салайық, Тоқтар Серіков марқұм әке-шешесін есіне алып, көз жасына ерік бергенін жазған едік.