«Баламның басын жарып, тіліп лақтырып жіберген»: Астанада 19 жастағы ұлынан айырылған ана әділдікті талап етеді

0
Марқұмның анасының сөзінше, қайғылы оқиғадан соң бір бала қашып кетіп, мешітке түнеген.

Астанада 19 жастағы жігіт мас күйінде тұрғын үйдің тоғызыншы қабатынан құлап қаза тапты деген ақпарат тарады. Марқұмның анасы Лариса Салбаеваның айтуынша, ұлының жоғарыдан өздігінен құлап кетуі мүмкін емес. Себебі, баласы мүлде ішпейді, шекпейді. Бұған дейін тек спортпен айналысқан. Қайғылы қазаға тап болған отбасы бұл істе Медетті дос балдары өлтірді ме деп күдіктенеді. Себебі, үй қабырғасы мен еденде қан іздері болған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Марқұмның анасы Stan.kz тілшісіне қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Марқұмның анасы Лариса Салбаеваның сөзінше, ұлы қайғылы оқиға болған күні достарыма барып, сол жерде қонамын деп айтып кеткен.

«Ұлым «достарыма барамын, бірге оқитын курстастарым, әр апта барып жүретін едім” деді. Желіде ұлымды «өзі ішті, құсамын деп өзін балконнан лақтырып жіберді” деген ақпарат тарап жатыр. Мен бұл әңгімелермен мүлде келіспеймін. Өз балама сенемін. Өйткені ұлым ішпейтін, қаншама жылдан бері спортпен айналысып келе жатыр. Оқиға орнында баламнан бөлек төрт жігіт болған. Олар қылмысты 2-3 айдан бері ойластырған. Бұл мен үшін жұмбақ өлім. Төртеуі ұлыма арақты қинап ішкізген болуы мүмкін. Араққа бірдеңе қосқан да шығар. Сөйтіп олар менің баламды лақтырып жіберіп отыр», – дейді марқұмның анасы.

Марқұмның анасының сөзінше, қайғылы оқиғадан соң бір бала қашып кетіп, мешітке түнеген.

«Төрт баланың біреуі кетіп қалыпты. Демалыста әпкемнің үйінде болдым дейді. Бір бала мешітке қашып, сол жерде түнеген. Ішкен адамды мешітке кіргізе ме? Біреуі баламды лақтырып жіберіп, қалған үш бала қарап отырады дегенге жеке басым сенбеймін. «Аңдаусызда болды, өзі ішті, өзі құлады» дейді. Олар баламның басын жарып, тіліп лақтырып жіберген. Себебі қабырғаның бәрі қан. Тіпті қан балконнан тамшылап, жерге түскен. Жоғарыдан төменге дейін қан болып жатыр. Бұл істе мен өз балама сенемін. Ол ішпейді, шекпейді. Кінәлі балалардың жазасын алғанын, соттың ашық түрде, әділ өткенін қалаймын», – дейді марқұмның анасы.

TikTok әлеуметтік желісінде “ЗаМедет” деген арна пайда болды. Онда марқұмның туыстары, сыныптастары мен достары #ЗаМедет деген хэштегпен видеоүндеу жариялап, әділдік сұрап отыр. Олар марқұмның өз өзіне қол салғанына сенбейтінін айтып жатыр.

«Медет мас күйінде өзіне қол жұмсады, жоғары қабаттан өзі құлап түсті дегенге сенбейміз. Әділдікті талап етеміз», – дейді олар.

Астаналық әйелдің сөзінше, елімізде заң жоқ. Бұлай жалғаса берсе, елімізде жастар қалмайды дейді әйел.

Ал Астана қаласы полиция департаменті адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр деген еді. Дегенмен полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес нақты қанша адамның ұсталғанын хабарламай отыр.