«Келінді жүгенмен сүйреп, сәлем салдырды»: Желіде тараған видео қазақстандықтардың ашуына тиді

0

Желіде келінінің мойнына жүген салып, сүйреп, сәлем салдырып жүрген ененің видеосы тарады. Мұны көрген қазақстандықтар «келінді малға теңегені несі?» деп таңданып жатыр. kznews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі этнографтарға хабарласып, қазақта мұндай салт бар-жоғын анықтап көрді.

Бүгінде әлеуметтік желіде мұндай екі видео тарап жүр. Біреуі Instagram-дағы @Aktobebardak парақшасына жарияланған. Аккаунт иесінің айтуынша, бұл видеоны оқырманның бірі жіберген. Видеоның қай жақта, қай елде түсірілгені белгісіз, дегенмен желідегілер мұны Қазақстанда болып жатыр деп болжады.

Видеодан орамал таққан егде жастағы әйелдің жас келіннің мойнына жүген салып, оны артынан сүйреп, келген қонақтарға сәлем салғызып жатқанын көруге болады. Екеуі бөлмені айнала сәлем салып, жүріп өтеді. Ал қонақтар қызықтап қарап отыр.

Мұны көрген желі қолданушылары «Қазақта мұндай салт жоқ», “Ер тоқым салып, мініп алмадың ба?”, “Менің дегеніммен жүресің дегені ме сонда, бұл қандай ырым?”, “Заманның ағымына ілеспей жүріңдер сол”, “Қазақстанда жоғалған, басқа жақтағы қазақтар сақтап қалған, кітаптан көргенім бар”, “Бәлкім Қытай қазақтары шығар?”, “Біздің келіндер жүгенге көне қоймас”, “Индия болайын деген-ау” деп пікір білдіріп жатыр.

Осы тұста Этнограф Досымбек Қатранұлы мұндай салт қазақта жоқ екенін айтып, бұл әрекетті «келінді малға теңеу» деп сипаттады.

“Егер видеодағылар қазақтар болса, бұл – ойдан шығарылған, өтірік нәрсе. Әрине, салтымызда келін сәлем салады. Бірақ оған жүген салып, мал сияқты қарамайды ғой? Кейбіреулер ойдан шығарып алады да, артық қыламын деп тыртық қылады. Жалпы халықта осындай дәстүр болып, ол мән-мағынаға негізделсе, басқа әңгіме. Ал мынау келінді малға теңеумен бірдей”, – дейді ол.

Этнографтың сөзінше, адамдар мұндай әдеттерді бәсеке үшін жасайды.

«Дандайсыған қазақтар бір-бірінен асып түсуге тиіс, әйтеуір бірдеңесімен артық болуы қажет. Мынау артық болғысы келгенінен туған дүние болса керек. Өткен жолы енесі келініне аузымен тістеп салып кәмпит беріп жатыр. Бұл да сол сияқты ойдан шығарылған”, – деді Досымбек Қатранұлы.

Кейбірі бұл салтты қытай қазақтары жасайды деген пікір айтып жатыр. Дегенмен Алтайда туған этнограф Болат Бопай бұл пікірді жоққа шығарды.

«Қазақ дәстүрінде, салтында, ғұрпында, ырымында, әдебінде, ибасында жаңа түскен келіннің мойнына аттың жүгенін салып, үйдің ішін айналдыра сәлем салу деген ырым жоқ. Бұл – келіннің үлкендерге сәлем салу салтын бұзып, бұрмалау. Ұлттың ұлы дәстүріне жасалған опасыздық болады. Ойдан ойып, қырдан қырып жоқ жерден өрескел салт жасап, хайп қуудың түкке де керегі жоқ», – деді Болат Бопай.

Ал этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева бұл видеоны әлдекімдер арнайы қойылым түрінде түсірген болуы керек деп болжады. Оның сөзінше, Қазақстанда рухани мұраны қорғайтын заң болмағандықтан мұндай әрекеттерге қарсы шара қолданылмайды. Заң жүзінде айыппұл салып, жауапкершілікке тарта алмаймыз.

«Меніңше, қойылым ретінде түсірілген видео. Қазір осылай қойылым жасап, оны видеоға түсіріп тарату әдетке айналып барады. Мұндай сәлем салу салты мүлдем жоқ, бұл – беташарымызға көлеңке түсіру. Елімізде салт-дәстүрімізді осындай видеоларға негіз етуге тыйым салынбай отыр. Қазақстанда тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнінде заң бар, ал рухани мұраны қорғайтын заң жоқ. Мұндай заңдар басқа мемлекетте қарастырылып, ол “Материалдық емес мұраны қорғау туралы заң» деп аталады. Біздің депутаттар осы мәселені көтергенімен әлі қабылданбады, әзірше тек тұжырымдама күйінде тұр. Әйтпесе біз 2011 жылы ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мұра конвенциясын мойындадық, 2013 жылы алғашқы ұлттық тізімді жасадық. Биыл ол тізім жаңартылды. Бірақ заң қабылданбағандықтан мәдени мұрамызды қорлау оқиғалары бола береді. Себебі заңсыз айыппұл да салынбайды, ескерту де берілмейді”, – дейді этнограф-ғалым.