«АЛТЫН ТАҚ» – ЕЛ ҚУАНАТЫН ТУЫНДЫ
Қазақ тарихы үшін желтоқсан айы – үлкен бір тарихи белес. Өйткені осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылдың 5-12 желтоқсанында ІІ қазақ құрылтайында Алаш автономиясы құрылғаны белгілі. Ол екі жыл өмір сүрді. Совет үкіметі автономияны жойып, оның орнына 1920 жылы Қазақ-қырғыз республикасын құрды. Дәл сол кездері қазақ тәуелсіздігінің туы құлағандай болған еді.
Тәуелсіздікке деген қазақ элитасының ұмтылысы, талпынысы ешқашан тоқтады деп айтуға болмайды. Соның бір көрінісі – 1986 жылғы Алматыдағы жастардың көтерілісі. Қазақстан басшылығына Қонаевтың орнына Колбиннің келуі жастардың қарсылығын тудырды. Ол жерде әр ұлт өз көсемін сайлауға құқы бар деген ұран айтылды. Жастар сол мақсатына жете алды. Ұлттың бойындағы тәуелсіздік арманы ақыры 1991 жылы желтоқсанның 16-сында жүзеге асты. Яғни, біз Тәуелсіздігімізді жарияладық. Сондықтан да 16 желтоқсан – қазақ тарихындағы жүздеген жылға созылған қазақ арманының жүзеге асқан күні.
Тәуелсіздік жарияланған тұста Қазақстан Совет Одағының бір республикасы болатын. Сол себепті Одаққа саяси жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тәуелді еді. Совет Одағының қолтығынан шығып, саяси да, экономикалық та, рухани да қираған империяның орнында тарихи тауқыметтермен тәуелсіз Қазақстан жалғыз өзі бетпе-бет қалды. Бір жағынан, тарихта тұңғыш рет өзіміздің Тәуелсіздік туымызды көтеріп, мәз болып жатсақ, екінші жағынан, қираған империяның орнында не жұмыс жоқ, не белгілі бір экономикалық жүйе жоқ, еркін нарықты игереміз деген талпыныспен ғана қалып қойдық. Оның үстіне, еліміздегі қазақтардың саны елу пайызға жетпеді. Дәл осы шақта солтүстік облыстарда сепаратистік көзқарас бұрқ етті. Олардың көкейінде «облыстарды бөліп аламыз» деген сайқал саясат тұрды. Түрлі ұрандар айтыла бастады. Бұл тәуелсіз елдің, тәй-тәйлап алғашқы қадам басқан тұсында кәдімгі отты өзенге түскендей жағдай болды. «Болмай жатып, бордай тозатын» жағдаймен бетпе-бет келдік. Мемлекет басшысы осындай аумалы-төкпелі кезеңде бір қадам қате жіберген болса, онда Қазақстанда азамат соғысы басталып кетуі ғажап емес еді. Дәл сол кезеңде еліміздің ішінде ғана емес, сыртта да «солтүстік облыстар біздікі» деген ұрандар айтыла бастады. Дәл осындай алапат-ғаламат сезімді Елбасы да бастан кешірді деп ойлаймын. Екіншіден, советтік цензура, қатал тәртіп, бәрі құлады. Сөйтіп, елімізде «жабайы» сөз бостандығы басталды. Көшеге шығу, айқай-шу жиі естіліп жататын. Өйткені батыстық демократияны бір күнде алып келуге тырыстық. Сөйтіп, көптеген партия, ұйымдар құрылды. Бұл да дұрыс шығар. Алайда ең бірінші мақсат тәуелсіздіктің туын жығып алмау болатын. Қазақ халқы осы Тәуелсіздік туының астына шоғырланды. Сағынып қауышқан, ғасырлар бойы талай қан кешулерден аман қалған ұрпақ қиындықтарға қарамастан, Тәуелсіздік туының түбіне жиылды. Өзі көтерген байрағын құлатпау үшін неге де болса дайын болды. Сондай қылкөпір мезгілді бастан кешірдік. Өзге ұлт өкілдері үдере көшті. Бірде әуежайда тұрғанымда бір әйелдің әңгімесін құлағым шалған еді. Ол: «Бұлар ел болмайды», – деді. Мұндай жорамалды айтқандар өте көп. Олардың бәрінің көкейінде «ел болмайды» деген күмән тұрды. Осындай сұрапыл, әрбір сағаты, әрбір күні ғасырға татырлық сынақ мезгілін бастан кештік. Елде жұмыссыздық көбейді. Қайтсек тығырықтан шығамыз деп, жұмыссызға жұмыс тауып беру, қарнын тойдыру, зейнетақысын төлеу ең бірінші орынға шықты. Өйткені аш халықтың даусы ащы шығатын еді. 27 жылдың ең басты байлығы аман қалған азаттығымыз, аман қалған елдің тұнығы шайқалмаған тыныштығы дер едім. Бұл – бағасы жоқ құндылық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы рухымызды дүр сілкінтіп еді. Жуырда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғырудың» заңды жалғасы. Ес жинаған қазақ елін өзінің түп тамырын айқындауға, белгілеуге үндеді. Өйткені Қазақстан 27 жасқа келген жас бәйтерек десек, сол бәйтеректің оңнан, солдан соққан дауылға төтеп беруі үшін оның тамыры тереңге кетуі керек. Тарихи тамыры келте болса, ол төтеп бере алмас еді. Тарихи шындықты Президентіміз терең ұққандықтан бүкіл елге ұлы даланың тарихын терең зерттеуге үн тастады. Оның ішінде мәдениет, әдебиет, кино өнерін дамыту қажеттігін ашық айтты. «Біздің ұялатын ештеңеміз жоқ», – деді Елбасы. Отаршылдар жазған тарихтан арылатын мезгіл жетті. Президенттің: «Өз тарихымызды аршып, анықтап алайық» деген сөзі көкейімізден шықты. Ұлт мақтанатын тұлғаларды да ерекше атап өтті. Әл-Фарабиден бастап, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары ханның есімдеріне айрықша тоқталды. Тұлғаларды кинодраматургияның қуатымен кино саласында тірілтуді қолға алу керегін айтты. Өз тарихымызды өзімізге қимады отаршыл саясат. Кезінде Алтын орда туралы сценарий жазып едім. Цензурадан өтпеді. Бойда үлкен арман қалды. «Ұлы даланың жеті қыры» туралы мақала сол арманымыздың жолын ашатын жоба болды. Ендігі мақсат – осы көтерілген ұранға сай қызмет ету. Соңғы бір жыл ішінде «Қасым хан» атты сценарий жаздым. Сол сценарийдің желісімен туынды дайындалып жатыр. Абылай хан туралы да киносценарий жазу ойымда бар. «Темірді қызған кезде соғу» қажет. Қазақфильм жылына бір-екіден тарихи кино дайындап тұруы тиіс. Сол жолда біз жұмыс істеп жатырмыз. Тағы бір айтатын нәрсе, Елбасының тапсырмасымен «Алмас қылыш» фильмі түсірілді. Киноэпопея сериал болып, телеарнадан көрсетілді. Түсірген режиссер – Рүстем Әбдіраш. Сол «Алмас қылыштың» жалғасы «Алтын тақ» өмірге келді. Жаңа жыл қарсаңында кинотеатрлардан көрсетіледі. Қазақ көрерменін жаңа бір тарихи дастанның дүниеге келуімен құттықтағым келеді. «Алтын тақ» – қуануға лайық туынды.
Смағұл ЕЛУБАЕВ,
жазушы, кинодраматург
Дереккөз: Айқын