ІІМ Шерзат Болат қаза тапқан күнгі бейнежазбаны толықтай жария етті

0

Министрлік өкілі жанжал кезіндегі видеоны көрсетті. Smartnews.kz басылымының хабарлауынша, Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығының орынбасары Самат Аисов Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмған күнгі бейнебақылау камерасы түсірген видеоны көрсетті.

Бейнежазба 4 қазан күні «Қамажай» дүкенінде түсірілген. Видеодан Шерзаттың өліміне қатысты күдіктілердің бірі екі бөтелке сыра мен 4 темекі сатып алғанын көруге болады. Алайда төлем бірден жасалмаса керек. Біраз уақыттан соң ер адам тағы бір бөтелке сыра алып, оны қолма-қол ақшамен төлеген.  Кейін күдікті дүкенге қайта келіп, телефонын қуаттап алуды сұраған. 4 минуттан соң келіп, телефонын алып кеткен. Әрі қарай оқиға дүкен сыртында жалғасады. Ер адамдар арасында жанжал басталып, арты төбелеске ұласқан. ІІМ өкілі бейнежазбадан кейін жанжалдың сыра үшін басталғаны расталмағанын айтады.

«Ер адамның үшінші бөтелкенің ақысын қолма-қол ақшамен төлегенін, қалған ақшасын қайтарып алғанын көреміз. Сондықтан жанжал бір бөтелке сыра үшін басталды деген сөз бейнежазба негізінде дәлелденбеді. Бұл сәтте жанжал болмаған. Ер адамдар қол алысып, күдікті шығып кетеді», – дейді ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов.

Самат Аисовтің сөзінше, дүкен сыртында марқұм Шерзаттың әкесі мен күдіктілер ақшаның есепшотқа түскен-түспегенін талқылаған. Алайда бұл уақытта күдікті дүкеннен алған тауарлар үшін қаржыны аударып қойған дейді ІІМ өкілі.

Жалпы дүкен ішінде екі бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірі – жалпы дүкеннің ішін түсірсе, екіншісі – кассаны түсіреді. Ал үшінші бейнебақылау камерасы дүкен сыртында орналасқан. Сол уақытта дүкенге келген сатып алушылардан да жауап алынды. Бейнебақылау камерасы ресиверден алынды және ол бойынша сот сараптама тағайындады. Онда монтаж бар ма, жоқ па тексерілді, — деді Аисов.

Бұған дейін тергеу кезінде жария етуге болмайтын айғақ видеоны желіде тарағаны туралы жазған едік. Аталған заңсыздыққа байланысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған.