«Әділдік және өркендеу» Қоры мектеп асханаларының сапасын бағалау бойынша әлеуметтік мониторинг бастады

0

 

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры еліміздің мемлекеттік мектептеріндегі тамақтану сапасын бақылауға бағытталған әлеуметтік мониторингті қолға алды. Бұл шараға барлық қазақстандық оқушылардың ата-аналары қатыса алады. Сауалнама 14-28 қазан аралығында онлайн форматта өтеді, оған қатысу үшін бірнеше минут қана қажет. Қатысу үшін сілтеме: http://surl.li/znqxez.

Мониторинг аясында мектеп асханаларындағы тамақтың сапасы, мәзірдің алуан түрлілігі, санитарлық жағдайлар және тамақтану кестесінің ыңғайлылығы секілді маңызды мәселелер қарастырылады. Сауалнама анонимді түрде өткізіледі және ата-аналарға өз пікірлерін ашық айтуға мүмкіндік береді. Жиналған деректер ҚР Оқу-ағарту министрлігіне және басқа да мүдделі органдарға жеткізіліп, мектептегі тамақтану сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар жасалады.

Қордың айтуынша, мониторинг нәтижелері мектеп асханаларының қызмет көрсету сапасын арттыру үшін нақты қадамдар жасауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қор Жетісу, Түркістан, Алматы облыстары мен Алматы қаласындағы мектептерде қоғамдық бақылау жүргізіп, бірқатар бұзушылықтарды анықтағанын хабарлады.

«Әділдік және өркендеу» Қорының бұл бастамасы балалардың денсаулығын қорғау және олардың сапалы тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.