«Жиһадшылар ісімен» сотталушыларға түрме жазасы кесілді

0

Қоғамда «жиһадшылар ісі» аталып кеткен сотта айыпталушы үш адамға желтоқсанның 21-і күні үкім оқылды.

Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Қуаныш Әріпов Алмат Жұмағұловты «ұлтаралық араздықты қоздырды» және «терроризмді насихаттады» деп 8 жылға соттады. Сот «терроризмге шақырды және оны насихаттады» деп айыпталған Кенжебек Әбішевке 7 жыл, Оралбек Өміровке 8 жыл түрме жазасын кесті.

Сот үкімі бойынша, Оралбек Өміров жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

Сот үкімі оқылған залға сотталушылардан басқа олардың адвокаттары мен қоғамдық қорғаушыларын ғана кіргізді. Журналистер мен сотталушыларды қолдап барған құқық қорғаушыларды және белсенділерді сотқа кіргізбеді. Сот сыртында полиция арнайы жасағының бірнеше сарбазы қарауылдап тұрды.

Айыптау құжатына сәйкес, «Жұмағұлов, Әбішев пен Өміров 2017 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында бірнеше рет кездесіп, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына адамдар тарту үшін ақылдасқан».

Оқи отырыңыз: «ҚДТ-ға қатысы бар» сотталушылар айыпты мойындамады

Айыпталғандардың ешбірі өзін кінәлі деп есептемейді. Қазақстандық құқық қорғаушылардың кейбірі бұл істің «саяси астары» бар деп санайды. Билік бұған дейін олардың әлеуметтік-саяси статусына қатысты ешқандай комментарий бермеген.

Дереккөз: Азаттық