«Балалардың тегі әртүрлі, анасы – еден жуушы»: Жітіқарадағы өрттен қаза болған бес балаға қатысты тың деректер айтылды

0

Отбасы әлеуметтік жәрдемақы мен алимент алып отырған. Өрттен отбасыдағы 6 баланың 2011 жылы туған үлкені ғана тірі қалған.

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс үйінде өткен үкімет сағатында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қостанай облысында өрттен көз жұмған бес баланың әлеуметтік жағдайы туралы айтты.

Министрдің айтуынша, отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған.  Министр Светлана Жақыпованың айтуынша, Қостанай облысы Жітіқара қаласында өрттен көз жұмған отбасы әлеуметтік көмектен бөлек алимент те алған.

«Отбасы атаулы әлеуметтік көмекті алған. Отбасындағы балалардың фамилиясы әртүрлі. Әйел екі рет некеде болған. Бірінші некеден – үш бала, екінші некеден – үш бала. Ең кенже бала – 1 жаста. Мамырда әйел көпбалалы ана атанып, «Күміс алқа» медалімен марапатталған. Бірінші күйеуімен ол ресми түрде ажырасқан. Биыл жазда 320-330 мың теңге көлемінде алименттік төлем алған. Екі тоқсан бойы оған 290 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Ол жергілікті дүкенде еден жуушы болып жұмыс істеген», — деді ол.

Ол сондай-ақ министрлікке қарасты департамент директоры оқиға орнына барғанын, көмек көрсетілгенін айтты.

«Таңғы сағат 6-да мен Алматыға жұмыс сапарымен ұшып кеттім. Оқиға орнына департамент директоры барды. Ол басынан аяғына дейін сонда болды. Жерлеу рәсіміне де қатысты. Отбасыға тиісті қолдау шарасы көрсетілді», — деді ол.

Министр оқиғаның кейбір мән-жайларын бөлісті.

«Үйдегі үлкен ұлдың айтуынша, қайғылы оқиға таңғы сағат 4:30 шамасында басталған. Ол таңғы сағат 5-те көршілерден көмек сұраған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенде үйдің шатыры құлаған. Сол түні әйел қалаға кеткен. Не үшін кеткені тергеу аясында айтылмай отыр. Оның неге кеткенін мен де білмеймін. Сол күні кешкі сағат 7-де үйге 1995 жылы туған жігіт келіп, от жаққан. Содан кейін кетіп қалған. Балалар тоңып қалмауы үшін анасы оны жіберген болуы керек», — деді ол.