Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз бейтаныс адамдар қысым көрсеткенін айтты
Алаяқтарға алданып, пәтерінен айырылған Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова оқиға жайлы айтып, сотты жария еткеннен кейін өзін белгісіз біреулердің қорқытқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kznews.kz.
Әбдікәрімова полицияға арыз беріп, қылмыстық іс қозғауды сұраған. Алайда оқиға жария болған соң, оған бейтаныс адамдар қоңырау шалып, таныстары арқылы интернеттегі ақпаратты өшіруді талап ете бастаған.
Оқиға Шымкентке сапары кезінде болған. Әбдікәрімова осыдан кейін сот шешімінсіз ешқандай келіссөз жүргізбейтінін өзінің instagram парақшасында қадап айтты.
Еске сала кетейік, Жұлдыз Әбдікәрімова «TUMARGrandVillage» компаниясынан пәтер алмақ болған. Пәтерді біреудің атына жазуға келіскен соң біраз уақыт жалдамалы пәтерде көшіп жүрген. Ақыры пәтерін өз атына аудармақ болғанда пәтердің уақытша иелері қайтарудан бас тартқан.
Бұл жайлы ол:
«Астанадағы коттедж салатын бірнеше компанияларға бардым. Сол ізденісте жүргенде «TUMARGrandVillage» қалашығын көрдім де, ұнатып, сол жерден үй алғым келді. Нәтижесінде құрылыс компаниясының негізін қалаушы Диляра есімді келіншекпен таныстым. Ол маған мынадай ұсыныс айтты. «Сен сатуға қойған пәтеріңді менің інім Диардың атына жазып бересің. Біз саған «TUMARGrandVillage» қалашығынан 1 жылда екі қабатты жер үй салып береміз. Ал оған дейін сен пәтер жалдап тұрарсың» деді. Мен келісе кеттім. Ойымдағы үйдің табылғанына қуанғаным да рас. Содан күтумен арада 2 жыл өтеді. Мен пәтерден-пәтерге көшіп шаршадым. Жалдап тұру балаларымның да ашуына тие бастады. 2024 жылдың көктемінде мен үйімнің жақын арада бітпейтінін түсініп, Диляраның алдына бардым. Бұдан артық күте алмайтынымды жеткізіп, өз үйімді қайтарып беруін сұрадым», — деді Жұлдыз.
Артынша ол пәтерінің кепілге қойылғанын бір-ақ біліпті. Сонымен сотқа жүгінген Жұлдыз «Қазақстан сотының әділдігіне сенемін деп отыр».
«Адвокатыммен келісе отырып, қалалық сот барысын жария түрде өткіземіз деп шешкенбіз. Сол күннен бастап түсініксіз қоңыраулар түсе бастады. Оған мән бермедім. Бірақ… Өткен аптада іссапармен Шымкент қаласында болдым. Сонда, бейтаныс жандар менің қасымдағы адамдарға жолығып, « …сотқа байланысты салынған ақпаратты парақшасынан алып тастасын. Егер жарияламаса, біз келіссөзге шығуға дайынбыз. Мәселесін шешіп беруге тырысамыз. Бірақ ақпаратты шұғыл өшірсін!» деген сәлемдеме жолдапты. Ескертіп айтамын мен ол адамдарды көрген жоқпын. Менімен тікелей кездесіп, тілдеспеді! Құлаққағыс болсын сот процесінен тыс мен ешқандай келіссөздерге келіспеймін. Қазақстан Республикасының сот жүйесіне, әділ шешім боларына мен сенемін!», — деді Жұлдыз Әбдікәрімова.