Қайтарылған активтер: Cartier, Breguet, Tiffany, Ulysse Nardin Classic қол сағаттары аукционға шығарылады

0

Қоғамда елімізден заңсыз жылыстатылған активтерге байланысты туындап отырған сұрақ аз емес. Кейінгі уақытта бұл бағытта мемлекет тарапынан ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқаны белгілі. Алайда көпшілік қайтарылған активтердің кімдердің басқаруына берілгенін, қайда сақталатынын, сондай-ақ олардың өткізілуі жөнінде дәйекті ақпаратты білгісі келеді.

Осыған орай Қайтарылған активтерді басқару компаниясына хабарласып, қолға алынған жұмыстары туралы сұрап білген едік.

Аталған компанияның қызметі «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңы аясында белгіленген. Активтердің тиімді басқарылуы мен сақтау турасында, сондай-ақ олардың құнын арттыруға байланысты мәлімет ресми сайттарында орналастырылған.

Компанияның баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қайтарылған активтердің арасында сұранысы жоғары зергерлік бұйымдар мен әлемге әйгілі брендтердің қол сағаттары бар. Мысалы, Cartier, Breguet және Tiffany сынды танымал маркалардың бұйымдары сатылымға шығарылған. Ал 214,4 млн теңге тұратын шектеулі шығарылымдағы Ulysse Nardin Classic 789-80 қол сағаты аталған бұйымдардың ішіндегі ең құнды заттардың бірі саналады. Сонымен қатар екі сырға, тізбектелген алқа және екі сақинадан тұратын гауһар жиынтығы 85 млн теңгеге бағаланып отыр.

«Активтерді сату ашық әрі тиісті заңға сәйкес әділ түрде жүргізіледі», — дейді компанияның өкілдері.

Сауда-саттық аукцион арқылы, оның ішінде электронды форматта өткізіледі. Әр актив тәуелсіз бағалаушының белгілеген бағасына сәйкес сатылады. Зергерлік бұйымдар мен сағаттардың бағасы дүкендегі бағадан төмен болуы мүмкін. Активтердің өтімділігі жоғары немесе нарық бағасымен сатуға қолайлы болса, онда сатуға қойылады.

«Егер де активтер бір сауда циклынан өтпеген жағдайда олар e-Qazyna порталы арқылы қайта сатылымға шығарылады. Бұл әдіс активтерді сатудың ашықтығын қамтамасыз етіп, нарықтағы сұранысқа сәйкес бағаны қалыптастырады», — деп нақтылады ҚАБК -ның мамандары.

Ал таяу уақытта аукцион арқылы бірқатар актив сатылымға шығарылмақ. Атап айтқанда, 9 қазанда ЖШС-не қатысу үлестері бар екі нысанның сауда-саттығы өткізіледі: ЖШС-дегі үлесі/қатысуы, қызмет түрі — суды жинау, өңдеу және тарату және ЖШС-дегі үлесі/қатысуы, қызмет түрі — дербес қазандықтармен жылу энергиясын өндіру.

11 қазанда келесі нысандардың сауда-саттығы өткізіледі:

— Монеталар, жалпы құны 1 564 810 теңге — құны 150 мыңнан басталып, 690 мың теңгеге дейін жететін коллекциялық монеталар;

— Сағаттар, жалпы құны — 314 742 586 теңге;

— Әшекей бұйымдар, жалпы құны — 97 963 968 теңге.

Жалпы активтің қорытынды бағасы – 414 271 364 теңге. Тұтастай 19 лот.

Аукционға қатысу активтерге иелік етумен бірге қоғамның игілігіне арналған әлеуметтік жобаларды іске асыруға жол ашады. Мәселен, сатылымнан түскен барлық қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға аударылып, еліміздегі маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынын айта кеткен орынды.

Тұтастай алғанда, 2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша басқарушы компания 5,7 млрд теңге сомаға активтерді сатқан. Олардың ішінде 4,4 млрд теңге шетелдік активтерді сатудан түскен.