«Бір үйдің ақшасы кетті»: Абай Бегейдің 16 жастағы қызының жасауы ел талқысына түсті
Әнші Абай Бегейдің 16 жастағы қызының жасауын ел қызу талқылап жатыр. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің қызы, блогер Гүлеркем Ниязқұлова жеке парақшасында жазба жариялап, қыз жасауының видеосын бөлісті.
“Қыз бергеннен келін алған оңай ма?” деп қалдық. Сағат таңғы 2:ОО. “Жұмыла көтерілген жүк жеңіл” деп әжелерім, жеңгелерім, достарымды шақырдық. Бәріміз жүкті тас тұйнақтай етіп жинап, дайындап қойдық. Сіз де қыз ұзатып, келін алып бүкіл жиған-тергеніңізді осындай қуанышты күнге шашыңыз. Қалың малсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды. Әне-міне дегенше бұл күнде келіп жетті. Жалпы қыздың жүгін 6 жастан жинаса асады, 7 жастан жинаса жетеді деген сөздің түпкі мағынасын енді түсініп жатырмыз”, – деп жазды блогер ару.
Желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, қыз жасауын қызу талқылап жатыр.
“Ақтаудан қыз алуға қорқып қалдық”, “Ас та, төк ысырапшылдық екен”, “Бір үйдің ақшасы кетті-ау. Ыдысының өзі миллион теңгеден асады”, “Бізге де жұғысты болып, осылай жасау жинайық”, “Бәрі жақсы тек зат мен киім өте көп екен”, “Төреғалидың қарындасыныкіндей бренд емес”, – деп жазып жатыр оқырман қауым.
Еске салайық, Абай Бегей тұрмысқа шыққан қызына көлік сыйлаған еді.