Білім – бірді емес, мыңды жығады

0

Білім беру жүйесі қай уақытта болмасын мемлекеттің дамуында ерекше маңызға ие. Себебі тілі шыққан баладан жасы еңсерген қарияға дейін оқу-білімнің арқасында қазақ атамыз айтқандай «бірді емес, мыңды жығып» жетістікке жетеді.

Еліміз тәуелсіздік алған кезеңннен бері білім беру саласы біршама өзгерістерге тап болды. Олардың бірқатары Болон процесі шеңберінде топтасты.
Болон процесі – еуропалық  жоғары кәсіби білімде біртұтас жалпы-еуропалық білім кеңістігін қалыптастыруға бағытталған жаһандану үрдісінің көрінісі.
Ол 1999 жылы Италияның Болонья қаласында 29 мемлекеттің еуропалық министрлерінің Болондық декларацияға қол қойылуынан басталды. Бұл қалада бастау алған үрдіс кейіннен Болон процесі деген атауға ие болды. Қазіргі уақытқа дейін Болондық процеске 48 ел мүше болды.
«Біз бүкіл әлем бойынша сапалы білім беру қызметін әлемдік стандарттар деңгейінде қамтамасыз етуге тиіспіз», – деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  халыққа жолдауында атап өткен болатын.
Қазақстан Республикасы 2010 жылдың 11 наурызында Болон процесін  білім жүйесіне енгізді. Қазіргі уақытта «Университеттердің Ұлы хартиясы»  60 қазақстандық университеттерімен қол қойылған болатын. Осы қадамы арқылы университеттер жоғары оқу орындарының автономиясын, басқарудың демократиялық қағидаттарын, студенттердің академиялық еркіндіктерін, ғылыми зерттеулердің еркіндігін дамытуды көздейді.
Болон процесі  академиялық ұтқырлықты дамыту арқылы оқыту сапасын арттырудың тиімді жолдарының бірі.
Болон проесіне сәйкес жоғары білім беруді қайта құрылымдау жүргізілді: кадрларды даярлаудың үш сатылы моделі енгізілді: (бакалавриат-магистратура-докторантура). Бұдан басқа, жоғары білім беруді қаржыландырудың жаңа қағидалары нарықтық жағдайларға сәйкес келеді. Республиканың 38 жоғары оқу орындарында қос дипломды білім беру жүзеге асырылуда, 131 жоғары оқу орнында кредиттік білім беру, 42-і қашықтықтан оқыту бағдарламалары енгізілген болатын.
Еліміз Орталық Азиядағы ЖОО-ның ішінде бірінші болып Болон процесіне қосылды. 2003 жылы-ақ сол уақыттағы ректор Төлеген Қожамқұлов Болонья қаласында «университеттердің Ұлы Хартиясына» қол қойды. 2009 жылдың 5-6 ақпанында университетіміздің қабырғасында Қазақстан Республикасының Болон үдерісіне қосылуы жөніндегі Халықаралық форум өткізілді. 2010 жылдың 11 наурызында Болон процесінің қатысушы мемлекеттерінің білім министрлерінің ІІ-ші Болондық форумында Қазақстан Республикасы Болон декларациясына қол қойып, 47-ші мүше-мемлекетке айналды.
Болон процесінің қағидаларын университетіміздің білім беру жүйесіне енгізу жұмыстары ректорымыз Ғалымқайыр Мутановтың тұсында да өз жалғасын табуда. Болон үрдісінің барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының қолдауымен студенттік бюро жұмысы жалғасуда. Болон үдерісі бойынша құрылған студенттік бюро бұл – университеттің білім беру жүйесінің тиімді дамуына жәрдемдесетін студенттердің ерікті қоғамдастығы. Университет көлемінде Болон үдерісі бойынша студенттік бюроның құрылуы Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуына үлкен көмек көрсететіндігінде күмән жоқ.
Болон процесі шеңберінде университетіміздің басшылығы, тарих, археология және этнология факультетінің басшылығы мен т.ғ.д., профессор Қ.Т. Жұмағұлов қарқынды жұмысы нәтижесінде Ла-Сапиенза университетімен қос дипломдық бағдарлама да өз жұмысын сәтті бастады. Университетіміздің көптеген факультеттерінде жаңа оқу бағдарламалары енгізілуде. Ағылшын тіліндегі пәндердің қатары көбеюде. Осының барлығы ең алдымен, университетіміздің Болон процесінде ғана емес, әлемдік білім кеңістігінде лайықты орынға ие болу үшін жасалынып жатқан маңызды шаралар. Мұндай игі бастамалар одан әрі өз жалғасын табуын тілейміз.

Т.ғ.к., қауым. проф. Р.О. Садықова,
1-ші курс магистранты Д.М.Ишанова,
Тарих, археология және этнология факультеті,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Дереккөз: Айқын