«Назарбаеваға арналған»: Медеу Арынбаев орындайтын «Дариға жүрек» әні тапсырыспен жазылған

0

Қазіргі таңда «Дариға жүрек» әні TikTok-та трендтен түспей тұр. «Жүректе жазылды Дариға есімің…» деген өлең жолдары бар әуен бір тыңдағанда лирикаға тұнып тұр, құдды бір қос ғашықтың махаббат хикаясына құрылған ба дерсіз… Алайда бұл туындының тарихы тым бөлек. Kaz.nur.kz тілшісі әннің авторы Бауыржан Есебаев және орындаушысы Медеу Арынбаевпен сұқбаттасып, ел естімеген эксклюзив ақпараттарды білді, — деп хабарлайды Kznews.kz.

Жүректе жазылды Дариға есімің, Күндер-ай тербеткен махаббат бесігін, Сенің көктемдей көркіңе көз тоймай қарадым…

Осыдан тура 20 жылдан астам уақыт бұрын жарыққа шықса да, әлі күнге дейін көпшілік сүйсіне тыңдайтын «Дариға жүрек» әнінің авторы – Бауыржан Есебаев, ал халыққа танытқан орындаушы – Медеу Арынбаев. Сазгердің айтуынша, бұл туындыны 2003 жылы бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның төл мерекесіне орай арнайы тапсырыспен жазған екен.

«Негізі бұл ақпаратты бұрын ашық айтқан емеспін. Күндердің күнінде маған сол кездегі «Хабар» телеарнасының бас продюсері Серік Абас-Шах хабарласты да, телеарна жаққа келуімді өтінді. «Дариға Назарбаеваның туған күні келе жатыр. Соған бір ән жазып, клип түсіруіміз керек» деді. Сөйтіп тапсырыс алдым. Уақыт өтіп жатыр, Серік Абас-Шах та мені асықтырды. «Ән қайда, ән қайда?» деп күнде сұрайды. Әр әнді жазған кезде ізденесің ғой, сол кезде мен Мұқағали Мақатаевтың «Дариға жүрек» деген поэмасын көріп қалдым.

Шығармадан қатты әсер алдым. Сол кезде осы «Дариға жүрек» деген ән жазсам деген ой келді. Әннің атауын солай таптым. Ал Мұқағали атамыздың «Дариға жүрек» поэмасы идеяның көзі болды. Содан кейін осы «Дариға жүрек» деген атауды алып, өзім әні мен сөзін жазып, Серік Абас-Шахқа өткізіп жіберсем деп жоспарладым. Әйтеуір Дариға деген аты тұр, оны Серік аға біле қоймас деп ойладым. Сөйтіп Серік Абас-Шах әнді қуана-қуана алып, сол сәтте-ақ ән өңдеуші Ринат Гайсинге берді», — дейді Бауыржан Есебаев.

«Дариға жүрек» әнін халыққа танытқан әрі алғашқы орындаушысы Медеу Арынбаев еді. Ол кісіге де продюсер Серік Абас-Шах шұғыл хабарласып, тез арада бұл әнді жарыққа шығару керегін айтыпты.

«Сөздің шыны керек, мен алғашқыда «Дариға жүрек» әні ел арасында бұлай таралады деп ойлаған жоқпын. Бұл ән Дариға Назарбаеваға арналған, яғни тапсырыспен жазылған. О баста әлі таныла қоймаған әуесқой композитор Бауыржан Есебаевтың гитарамен орындаған нұсқасын маған тыңдатты. Кассетада өте қарапайым дауыспен орындалған. Кейін студияда Ринат Гайсинмен әнді өңдеп, мен өзімнің стилімде орындап шықтым. Одан кейін клип түсірді. Бірақ мен бұл әнді Дариға Назарбаеваның алдында шырқап көрген емеспін, қандай да бір қаржылай сыйлық та алған емеспін. Ал сазгер Бауыржан Есебаевты қазір өте жоғары бағалаймын, композиторлық қабілетін мойындаймын», — дейді Медеу Арынбаев.