“Бәрі бай отбасыдан шыққан”: Алматыда бір аптада 4 оқушы суицид жасады

0

Бұл бір апта шамасында орын алған төртінші оқиға, деп хабарлайды Kznews.kz Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.

22 қыркүйекте 12 жасар мектеп оқушысы үйінен қосымша сабаққа барамын деп шыққанымен, лифтімен төмен емес, жоғары көтеріліп, шатырға шығып, 13-ші қабаттан секірген.

16 қыркүйекте 7 сыныпта оқитын екі оқушы қыздар дене шынықтыру сабағынан дүкенге барамыз деп сұранып, дүкеннің орнына көпқабатты үйдің шатырына шығып, суицид жасаған еді.

12 қыркүйек күні де 12 жасар қыз 13-ші қабаттан секіріп, оқиға орнында қайтыс болды.

Бір апта ішінде болған төрт оқиғаның сценарийі де, оқушы қыздардың жастары да бірдей болуы қоғамда қызу талқылануда.

Журналист Гүлмира Әбіқай қайтыс болған қыздардың барлығы бақуатты отбасыдан шыққанын айтты.

“Қолда бар мәліметке сенсек, марқұмдардың дерлігі бақуатты, жайлы отбасынан шыққан. Ажалды таңдаған орындары да қала орталығындағы элитный ЖК-лар. Апта басында бір үйдің төбесінен секірген қос қыздың артында аниме, Құдай бір деген түсініксіз иреоглифтар, пышақ, буын босаңсытатын таблеткалар қалды дейді. Жақсы деп сенейік, дегенмен балалықтан ересекке өтіп жатқан мұндай жаста кез-келген нәрсе олар үшін өмірмен қош айтысуға тұрарлық ең маңызды сәт болуы мүмкін”, — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ал, журналист, блогер Бибігүл Дәулетбекқызы балалар ата-аналарының немқұрайлығынан өліп жатыр деген пікірде.

“Бұл балаларды қол жұмсауға итермелеп жатқан ешқандай ойын емес! Далбаса әңгіме! Немқұрайлық. Иә, өздеріңіз жіберген қателіктер. Мектептегі буллинг, балаларыңыз қолданып жүрген “меф” секілді есірткі, лудомания, және т.б. Тереңінен қазыңыздар. Сіздер жұмысбасты болып жүргенде балаларыңыз далада небір сұмдық жұмыстар жасап жүргенін ұмытпаңыздар. Қазіргі балалар “синий китке” алданбайды”, — дейді ол.

Айта кету керек, әзірге бұл жасөспірім қыздардың суицид жасауына не әсер еткені белгісіз. Алматы полиция департаменті де оқушылар өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

фото: alash.kz