Қалың малды 10 млн-ға көтеру керек деген желі қолданушысы қызу талқыға түсіп жатыр
Қазақ қыздарының құны «Камриден» де түсіп кетті дейді ол. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Гүлжан есімді ТікТок қолданушысы қазақ қыздарының қалың малын 10 млн теңгеге көтеру керек деп отыр. Айтуынша, қаракөздеріміздің құны «Камри» көлігінен де түсіп кетті.
Қалың малға қатысты айтқан пікірінің видеосын желі қолданушысы парақшасында жариялаған.
Қазақтарға қалың малдың бағасын 10 млн-ға көтеру керек. Неге дейсіз ғой? Себебі қазіргі кезде қазақ қыздарының құны «Камриден» де түсіп кетті. 1,5-1 млн беріп құтыла салады. Мен оған өте қарсымын. Бұл жерде саудаласып немесе қызды сатып жатқан жоқпын. Бұл жерде қазақ қызының құндылығын, өзіміздің салт-дәстүріміздің құндылығын қайтадан жаңғыртып көтеру керек деп ойлаймын,-дейді ол.
Автордың пікірінше, қалың малдың аз болуы ажырасудың белең алуына себепші көрінеді.
Мысалға, түріктерде қыз алу үшін пәленбей келі алтын береді. Бірақ ол жақта ажырасу деген жоқ. Ал біз бүкіл дүниежүзі бойынша ажырасу жағынан шамамен бірінші орынды алып тұр екенбіз. Себебі осындай құнсыздану кесірінен сондай дүниелер болады. Егер де біз бір қызды алу үшін 10 млн беретін болсақ, екі жақтың да бір-біріне деген қарым-қатынасы басқаша, қыз баланың алдында жігіттің деңгейі, абыройы жоғары болады,-деп сөзін түйді ол.
Алайда бұл пікір желі қолданушыларының көбіне жақпай қалды. Олар отбасылық бақыт ешбір ақшамен өлшенбейтінін алға тартты.