“Дала қырандары”: 2000 жас есірткіге қарсы шарада бірікті

0

Астанада синтетикалық есірткіні таратушыларға қарсы бұрын-соңды болмаған «Сатқындар» науқаны өтті. Маңызды шараға екі мыңнан астам жас жұмылып, қоғамдық індетке қарсы үнін жеткізді.

Шараға әлемнің төрт дүркін рекордшысы, Гиннес кітабының рекордшысы Сергей Цирульников, «РЕКАВЕРИ-ПАВЛОДАР» бірлестігінің координаторы Сергей Лаптев, сондай-ақ «Дала Қырандары» координаторлары – ММА бойынша Әлем чемпионы және Астана қаласы Жастар мәслихатының депутаты Василий Тахтай, Дүниежүзілік бокс сериясының (WCB) екі дүркін әлем чемпионы Мерболат Тойытов пен қазақ күресінен Әлем чемпионатының жүлдегері Нұрғали Тұрсынғазиев, Нұрбол Сейітқалиевтер қатысты.

Қозғалысқа Shiza, HiRo және Yerbolat сияқты танымал рэперлер қолдау танытты. Ресми бөлімнен кейін «Дала Қырандары» жасақтары Астананың көшелерін аралап, есірткі сатушыларға қарсы іс-қимылдарға көмектесті.

-Есірткіге елтіген, кезекті доза іздеген талай адам қарызға батты, заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Тығырыққа тіреліп, өмірде басқа қызық-құмар таппай, өзіне қол салғандар жетерлік. Президент сондықтанда Ұлттық құрылтайда да ұлтымызға қауіп төндіретін, жастарды құрдымға құлататын синтетикалық есірткімен күресті күшейтуді тапсырған еді. “Дала қырандары” жастар бірлестігі шет қалмай, өзекті шара өткізді. Баршаға ортақ мақсатымыз — ұлттың болашағына балта шабатын кеселмен күресу, — деді Василий Тахтай.

Статистикаға жүгінсек, есірткі өндірісі күннен күнге ұлғайып барады. Егер 2019 жылы – 3, 2020 жылы – 8 заңсыз есірткі зертханасы жойылса, 2023 жылы олардың саны бірден 81-ге жеткен. Биыл елімізде 31 жасырын есірткі лабораториясы жойылған. Улы зат тұтынатындардың дені — жастар. Қынжылтатыны да сол.

-Есірткі саудасы – бұл өте пайдалы бизнес, сондықтан онымен айналысатын адамдар моральдық принциптерге алаңдамайды. Нашақорлықпен күрес мемлекет үшін басым міндеттердің бірі болғанына қарамастан, бұл індеттің тез таралуын тежеу өте қиын. Сонымен қатар есірткінің кез-келген “қалтаға” арналған түрлері де табылады. Бірақ есірткінің түрі мен құнына қарамастан, зардабы бірдей – толық “құлдырау”. Жастар бұдан аулақ болу керек, — деді Нұрғали Тұрсынғазиев.

Шынында жастардың осындай шараларда бірігіп, мәселеге жіті назар аударуына ықпал жасау күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бүгінгі “Дала қырандарының” бастамасы да осыны көздеді және сол үдеден шықты деп айта аламыз.