Биыл «әскери өнім» тұрғын үй бағдарламасы аясында 1845 отбасы баспаналы болды

0
20 Желтоқсан 2018, 13:27 177 0

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 5 мыңнан астам әскери қызметкердің өтінімі іріктеліп алынған, оның 1845-і бойынша жеңілдетілген несие берілген. Бұл жайында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова банк жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің отырысында айтты.

Жиын барысында 2018 жылы іске асырылған «әскери өнім» жобасы мен келер жылғы жоспарлар талқыланды.

«Әскери қызметкерлер жалақыдан бөлек ай сайын республикалық бюджеттен тұрғын үй төлемдерін алады. Олар бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алады. Қазір 70 мыңдай әскери қызметші Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, үй аламыз деп тұрғын үй төлемдерін жинап жатыр. Біздің банк депозиттерінің бірқатар артықшылықтары бар, мәселен, олардың шоттары бойынша қандай да бір тыйым салу, төлем талаптарын қою жүргізілмейді», -дейді Л. Ибрагимова.

Сонымен қатар ол, бұл өнім бойынша ипотекалық несиенің алғашқы жарнасы 5 пен 20% аралығында екенін айтып өтті.

«Жаңа үй алу үшін алғашқы жарна ретінде үй бағасының 5%-ы немесе 20%-ы қажет, ал несиенің жылдық мөлшерлемесі 6-8% аралығында. Бәрі айқын болу үшін askeri.baspana.kz арнайы порталын аштық. Әр тіркелуші өтінім берді және жұмыс істеген өтіліне қарай ұпайлық көрсеткішпен есептелді. Бұл өнім бойынша адамдар пәтерді еліміздің кез келген өңірінен таңдай алады», -деді ол.

Алқалы жиын барысында сонымен қатар тұрғын үй комуналды шаруашылығына күрделі жөндеу жүргізу қаржыландыруына банктің қатысу мәселесі де талқыланды.

«Қазір ҚР Мәжілісінде тұрғын үй комуналдық шаруашылығы құрылымын өзгертетін заң жобасы қаралуда. Яғни, мүлік иелерінің басын қосатын, бір үй – бір есеп түсінігі енгізілуде. Бұлар ТШК-да тәртіп орнатып, олардың жұмысын айқын ете түседі. Бірқатар депутат үйдің жөндеу жұмыстарына жиналатын қаражатты бір жерге шоғырландыру бастамасымен шықты. Әлеуметке бағытталған банк ретінде біз бұл идеяны қолдаймыз, тіптен ол қаражаттарды сақтау бойынша да жауапкершілікті алдық», -дейді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, еліміздегі көппәтерлі үйлердің 35 пайызына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау қажет.

«Егер 30 жылдан кейінгі жағдайды болжайтын болсақ қазір салынған үйлер жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Әр тұрғын таза және құбырлары жұмыс істейтін үйде тұрғысы келеді. Бұл шығындардың барлығы тұрғындардың есебінен жасалады. Сондықтан осындай жинақтарды қазірден бастап қолға алу керек, яғни ортақ бір банкте жинау қажет. Бағалау бойынша жыл сайын 75 млрд теңге жиналады деп күтілуде. Қазір үйлерді жөндеу бойынша жиналатын қаражат жөнінде ешқандай статистика жоқ, әр ТКШ өзінше жинап отыр» ,-дейді ол.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ