Қазақстан спортшылары Қырғызстан шақырған қарымта ойынға қатыспайды

0

Қырғызстанның «Көкбөрі» федерациясы Қазақстанға қарымта ойын өткізуді ұсынған еді, деп хабарлайды Kznews.kz  тілшісі Адырна сайтына сілтеме жасап.

Қырғыз көкпаршылары Ыстықкөл жағасында 1 қарашада қарымта матч өткізуді ұсынып, Қазақстан құрамасын шақырған. Алайда, Қазақстанның көкпар құрамасы бұл матчқа қатыса алмайтынын мәлімдеді.

Қазақстан федерациясының мәліметінше ол уақытта көкпаршылар басқа жарысқа қатысады.

«Біздің көкпаршылар Ыстықкөл жағасындағы Келісім кубогына қатыса алмайды, өйткені көрсетілген күндерде басқа маңызды жарыстар жоспарланған. Қазіргі уақытта көкпаршылар сол ойындарға дайындалып жатыр», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 12 қыркүйек күні Астанада көкпардан Қазақстан және Қырғызстан құрамалары Көшпенділер ойындарының ақтық кезеңінде жолдары түйісіп, қазақ көкпаршылары 5:4 есебімен ұтқан болатын. 

Финалдық ойын барысында екі елдің көкпаршылары арасында қақтығыс орын алған. Артынша екінші орын алған қырғыз спортшылары марапаттау рәсімі аяқталмай жатып, трибунадан кетіп қалған.