«Жанжал депиляциядан басталды»: Әл-Бейнеге 10 рет пышақ сұғып өлтірді деп айыпталған күйеуі қылмысты қалай жасағанын айтты
18 қыркүйекте Алматыда күйеуі 10 рет пышақ сұғып өлтірген Әл-Бейне Зарипованың өлімі бойынша кезекті сот отырысы өтіп, сот-медициналық сарапшылар, марқұмның әріптесі мен нағашы әпкесі және сотталушы куәлік берді. Сотта Зарипованың алған жарақаттары айтылды.
31 қаңтарда 43 жастағы Әл-Бейне Зарипованың мәйіті үйдің жертөлесінен табылды. Іс-материалдары бойынша, оның 15 жыл некеде болған күйеуі Сабыржан Зарипов оған 10 рет пышақ жарақатын салып өлтіріп, артынша телефонынан өз шотына 4 миллион 700 мың теңге аударып алған.
Қазір іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы “Адам өлтіру” және 175-бабы “Ұрлық” бойынша қаралып жатыр. Жәбірленуші тарап 99-баптың 1-тармағын 2-тармаққа, яғни “Аса қатігездікпен қасақана түрде адам өлтіру” деп өзгертуді талап етті.
Әл-Бейненің алған жарақаттары
Сотта қылмыс болған жерден түсірілген видеоматериалдар көрсетілді. Одан әйелдің беті, кеуде тұсы, іші, мойны, интимді жерлеріне пышақ сұғылғанын байқай аламыз. Видеода сотталушы жағдай қалай болғанын сипаттады.
Сотталушы сұққан пышақтың жүзі – 20 сантиметр. Прокурор келтірілген жарақат жайлы мәлімет берді.
“Өлімнің себебі – кеудеден, сол жақ жамбастың, жүректің зақымдануынан ірі мөлшерде қан кеткен. Бұл мәйіттің патоморфологиялық белгілерін қарау кезде анықталды. Эндокриндік қан кету байқалды. Пышақ жарақаты денеге тереңінен енген, оң жақ кеуде, жүрек қапшығы мен жүрек жарақаты, атрофиялық қуыстың гемаперикарды, кеуденің алдыңғы беті, мықын сүйегіне салынған жарақаттар адам өліміне алып келетін денсаулығына ауыр зиян келтіруге жатады. Сондай-ақ беттің сол жақ жартысының, кеуденің алдыңғы бетінің, сол жақтағы сүт безі аймағы, кеуде қуысына толық енбеген жарақат денсаулыққа жеңіл зиян келтірді”, – деп оқыды прокурор.
Одан бөлек жәбірленушінің адвокаты бетінен ауыз қуысына дейін перфорациялық жара, сол жақ жамбасқа 10 см тереңдікте жара, жүрек пен трахея, қабырғаралық бұлшықет пен қабырғаларына жарақат салынғанын атап өтті.
“Араласуымызға тыйым салды”
Марқұмның әріптесі Светлана Храмова бұрын-соңды Әл-Бейненің жарақаттарын өз көзімен көрген екен. Ол Зарипова бухгалтер болған жұмыс орында HR-маман болған.
Фото: Stan.kz
“2010 жылы бір күні жұмысқа мойнын матамен жауып, көзілдірікпен келді. Мен бірден мән беріп, жеке шақырып, не болғанын сұрадым. Ол көзілдірігін шешкен кезде көзі қанталап тұрды, мойны көкпеңбек болған еді. Ол мұны күйеуі істегенін айтты. Біз ажырас деп дабыл қақтық, осы жарақатын тіркеп алуға кеңес бердік. Мен жанына еріп бардым. Осы жайттан соң құрбы болып кеттік”, – деді Светлана.
Светлана мен Әл-Бейне бірге қыдырып, біраз сырласып үлгерген. Әл-Бейне осы оқиғадан кейін 2-3 ай күйеуінен бөлек тұрған көрінеді, бірақ кейін қайта оралған. Бірақ осы кезде Сабыржан Зарипов араласуымызға тыйым салды дейді.
“Ол маған күйеуіне оралғанын айтты. Әрі “күйеуім сенімен араласқаныма қарсы, сені маған жаман әсер етеді” деді” деп айтты. Әл-бейне жұмыста ешкіммен араласпай, өз кабинетінде отыратын, корпоративке келгенімен, еп-ерте қайтып кетеді. Тіпті бізбен түскі ас ішпейтін”, – деді ол.
Сотталушы аффект жағдайында болды ма?
Сотталушы Сабыржан Зариповтың қылмысты аффект жағдайында немесе саналы түрде жасағанын анықтау үшін екі рет сот-медициналық сараптама жасалды. 1-сараптамада аффект расталды, ал 2-сараптама сотталушының аффект жағдайында болғанын жоққа шығарды.
Алматыдағы сот-медицина институтының психолог-сарапшысы Күләш Қожамжарова аффект күйін растап отыр.
Маман аффекттің 3 фазасы болатынын айтты: аффект алды күйі, аффекттің өзі, постаффект. Сөзінше, әрқайсысының өз белгілері бар.
“2 рет сараптамадан өтті, Бірінші рет амбулаторлы түрде өтті, ол кезде оның күйін анықтай алмадық, одан соң стационарға жібердік. Оны бір ай бақыладық. Сол кездеаффект күйде болғанын анықтай алдық. Онымен тілдестім”, – деді маман.
Ол Зариповтың күйін 3 фазамен сипаттады.
“1-фаза – 14 жыл бірге тұрған әйелінің көзіне шөп салғанын білгені. Әрі оның жайбарақат тұрғаны оның шамына тиді. Осы кезде лезде эмоционалды стресске түскен. Оған дейін бірнеше күн ол дұрыс ұйықтамаған, 1-2 сағаттық ұйқымен жүрген. Өйткені уайымға салынып, тершеңдік пайда болды, бойын мазасыздық биледі.
2-фаза – ашу. Бұл кезде ол әлемді дұрыс қабылдай алмаған, шындықты жоғалтып алды. Триггер – әйелдің күлгені. Эмоционалды қысым шарықтау шегіне жетіп, ол жарылды. Себебі ол импульсивті болды, асыққандықтан, өз ісіне баға бере алмады, санасы тарылды. Оның есінде ештеңе жоқ, тек қызғылт нәрсені көрген, яғни марқұмның киімінің түсі ғана есінде. Амнезия байқалады.
3-фаза – остения, физиалық шаршау. Қылмыстан соң ол қолын көтере алмаған, концентрациясы бұзылды, аяғындағы жарақатты, ауруды сезбеді. Ойында тек “қызымды қарындасымның үйіне апару керек” деген ой болды. Қалған әрекетіне жауап бере алмады”, – деді Қожамжарова.
Сарапшының сөзінше, аффект кезінде адам көлік жүргізе де алады, тіпті ақшаны аударып алуы мүмкін. Бірақ ол қылмыстың алдында олардың арасында жыныстық қатынас болғанын, сотталушының қаржыны өз шотына аударғанын білмеген. Яғни сараптама қорытындысы бұл фактілерді негізге алмай жасалған.
Ал психолог-сарапшы, С.Асфендияров атындағы медициналық университетінің маманы Айжан Құдайбергенова аффект күйі болмады деген ұстанымда.
Фото: Stan.kz
“Зариповтан 3 фаза да байқалмады. Аффект алды күйде Зариповты арандататын факті анықталмады. Нақты факт расталған жоқ, бұл тек сотталушының өз болжамы ғана.
2-фаза күйі де жоққа шығарылады. Өйткені оның видеодағы жауабы, тергеу кезіндегі куәлік бергені, жазбаша бәрін сипаттағанынан санасы орнында екенін көреміз”, – деді Құдайбергенова.
Сөзінше, сотталушыға күдікшілдік, сенімсіздік, тән. Оны Зариповтың жауаптарынан байқаған. Маман арада жанжалды ушықтыратын айғақтар болмағанын айтады.
“3-фазаны да жоққа шығарамыз. Себебі оның әрекеті жоспарлы, рационалды түрде бірінен соң-бірі жасалған. Ақшаны бір шоттан екінші шотқа аударғаны оның санасы қалпында болғанын көрсетеді. Екі микроаудан арасында көлік жүргізе алған. Әрі аяғындағы жарақатты өзі байлап, таңғыш таққан”, – деді сарапшы.
Қорғаушы тарап Құдайбергенованың медициналық сараптама туралы заңда көрсетілген методикаларды емес, басқа әдістерді не себепті қолданғанын сұрады. Алайда сарапшы оған тыйым салынбағанын және жаңа методикалар қажет болғанын түсіндірді.
“Үй тірлігімен айналысудан бас тартты”
Соңғы болып сотталушы Сабыржан Зарипов куәлік берді. Ол жұбайы екеуінің қарым-қатынасы тамыздан кейін суи бастағанын айтады.
“21 тамызда біз шетелден демалыстан келгенбіз, Әл-Бейне анасымен Петропавлға кетіп қалды. 10 қыркүйекте қайтып келді. Қазанда Әл-Бейненің мінез-құлқы өзгергенін байқадым, ол тілдесуді қойды, үнемі құлаққаппен телехикая көріп отырады. Көп сөйлемейтін болды, “иә, жоқ, жақсы, мхм” деп қана жауап береді. Осыдан кейін үй тірлігімен айналысудан бас тартты, тамақ істеу, үй жинау дегенді қойды. Кешке мен тамақ пісіріп, кірді де жуатынмын”, – деді Зарипов.
Сөзінше, ол марқұмның ашуы тарайды деп күтіп жүрген. Осындай әрекеті 15 желтоқсанға дейін жалғасты дейді.
“15 желтоқсанда ашуын шығарып, маған ренішін жеткізді. Менің махаббатымды сезбей жүргенін, оған көңіл бөлмейтінімді айтты. Мен оның көңілін тапқым келсе де, ол бөлек тұруымызды сұрады, мен келіспедім. Мұндайға дайын болмадым”, – деді ол.
Осыдан кейін арада жанжал үдепті. Бірақ 25 желтоқсанда жұп татуласты дейді. Ал келесі күні ол Астанада іссапарға кетті екен. Астанаға кеткен соң қайтадан салқынқандылық таныта бастады дейді. Одан кейін ол Дубайға кетіпті.
“Дубайда кім үшін депиляция жасатып жүрсің?”
“Оны әуежайдан күтіп алып, үйге әкелдім. Ол үйге кіріп кетті, мен далада қар тазаладым. Сосын үйге кірсем, ол әлі ояу екен. Екеуміз тілдестік. Арада ерікті түрде жыныстық қатынас болды. Одан кейін тілдесіп, не себепті қызымызды алып кетейін деп жатқанын сұрадым. Себебі алғашында ол менде қалады деп келіскенбіз”, – деді ол.
Сөзінше, одан кейін әңгіме интимді тақырыпқа қарай өрбіп, содан жанжал туындаған.
“Мен оның 7-10 күн бұрын депиляция жасағанын байқадым. Сосын “Дубайда кім үшін депиляция жасатып жүрсің?” деп сұрадым. Ол өтірік ренжіп, “өзім үшін жасадым, тек біреу үшін жасай ма не, мен спаға бардым” деп айтты. Алайда мен оның өтірік айтып тұрғанын сездім”, – деді сотталушы.
Сабыржан Зарипов осыдан соң “ана жақта біреуің бар ма?” деп сұрапты. Сөзінше, Әл-Бейне алғашында үндемей, кейін “иә” деген екен.
“Ол Андрей Пономаревпен жыныстық қатынасқа түскенін айтты. Мен телефонын тексердім, алғашында бергісі келмегенімен, кейін бере салды. Андреймен чатынан ештеңе таппадым. Сөйтсем, барлық чат өшірілген, ешкіммен хаты сақталмаған”, – деді Зарипов.
Зарипов одан кіммен көзіне шөп салғанын сұрауын жалғастырған. Айтуынша, алғашында әйел жауап бергенімен, кейін сұрақтарына күліп тұра берген.
“Ол әріптесімен де көзіме шөп салған. “Тағы кім болды?” дедім, сөйтсем 6 жыл бұрын да басқа ер адаммен көңіл жарастырған. Ренжіп, төменге түсіп кеттім. Ол артымнан келді. Тоқтамай, жүре бердім. Сосын сұрақ қоя бастадым. Ол мені ешқашан жақсы көрмегенін айтты. Осыдан соң Әл-Бейне басқа тақырыпта әңгіме бастады. Қазандық неге шашылып жатқанын сұрады. Бұған ашуланып, “Менің алдымда ұялмайсың ба?” дедім, ол “жоқ” деді”, – деді ол.
Зариповтың қылмыс туралы айтқаны
Осыдан кейін Зарипов пышақты ала жүгірген, бірақ қалай сұққаны есінде жоқ екен.
“Оң қолыма пышақ алып, оған сұға бердім. 5 рет пышақ жарақатын салғанымды білемін, денесінің жоғары жағына сұқтым. Қызғылт түсті ғана көрдім. Ол жерде жатқанда ғана есімді жидым. Көзі жартылай ашық екен. Бөлмеден шығып кеттім. Сосын қайта келдім. Кіріп-шығып жүрдім. Сағатты қарай бердім. Шаршаңқы болдым, аяғым ауыра бастады. Сөйтсем аяғымда да жара бар. Үстімдегі майканы шешіп, байлай салдым”, – деді күдікті.
Осыдан соң жатын бөлмеге көтеріліп, қызының заттарын жинаған. Сөзінше, қызды қарындасының үйіне апарған соң өзіне қол саламын деп ойлаған.
“Мен ақшаны өзімнің кәсібімнің ақшасы деп ойладым. Яғни мен де өлсем, осы ақша қызыма жұмсалсын деген ой болды”, – деді ол.
Қызын апарып тастаған соң үйге қайтып келген. Сол кезде полиция шақыру жайлы ойланған.
“Полиция келді, олар мәйіт тұрған жаққа қарай барды да, біреуі “мынау әйелдің қынабына пышақ сұққан” деп айқайлады. Бірақ кейін тексерсе, жамбасы екен”, – деді сотталушы.
Сабыржан бұған дейін әйеліне қол көтергенін, үйде жұмыссыз отырғанын жоққа шығарды. Айтуынша, оның онлайн кәсібі болған. Әрі мүлікке таласты өзі емес, оның атынан жақындары жасағанын айтады.
Ал Андрей Пономарев бұған дейін Әл-Бейнемен қарым-қатынас болды дегенді жоққа шығарып, оны 10 жылдай көрмегенін айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда ер адам әйелін 10 рет пышақтап, бес миллион теңгесін ұрлап, жертөлеге тастап кетті деп айыпталғанын жаздық. Жәбірленушінің жақындары күдіктінің жазадан оңай құтылып кетуінен қорқып, резонанс тудырғысы келеді.