«Бәрі міндетті түрде беруі керек»: Талдықорғанда оқушылар «Мұғалімдер күніне» жаппай ақша жинағаны үшін шу шықты
Жоспарланған шығындардың жалпы сомасы шамамен – 71 400 теңге. Kznews.kz басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде мектептегі мерекелік шараға ақша жинау туралы WhatsApp хабарламаларының аудиожазбасы мен скриншоты тарап жатыр.
Талдықорғандағы №29 мектепте ұстаздар күніне арнап жоғары сынып оқушылары шарлар мен гүлдерге ақша жинаған. Жоспарланған шығындардың жалпы сомасы шамамен – 71 400 теңге. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі Жетісу облысы білім басқармасынан жағдайдың анық-қанығын сұрап білді.
Желіде оқушылардың бірінің ақша жинау кезіндегі аудиосы тарады. Оның айтуынша, ол отбасында жалғыз асыраушысы болғанына қарамастан ақша жинап беріп жатыр.
«Сұмдық, әрине. Бәрі аяқ астынан ақылды бола қалыпты… Басқа амал бар ма? Біздің үйде де үш бала бар. Бәрі мектепте оқиды. Оларға да бірнәрсе алып беру керек. Үйде тек әкем жұмыс істейді. Анам үйде отыр. Бұған қарамастан біз де жинап беріп жатырмыз. Түгіміз кетпейді. Мұны апай шешпейді. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасарға, Ардақ Каримованың алдына барып айтсын, онда. Біз неге жинамаймыз? Неліктен 11-сынып қана жинайды деп сұраңдар. Бәрі міндетті түрде ақша жинауы керек. 11 сынып қана болмаса…», – делінген арна хабарламасында.
Редакция әлеуметтік желідегі жазбаға қатысты облыстық білім басқармасы жауап сұрады. Бөлім оқиғаға қатысты барлық мән-жайды тексеріп, жағдайды егжей-тегжейлі айтып берді.
«Бүгін 17.09.2024 жылы Telegram EGOV.PRESS бетінде «№29 Орта мектеп-лицейі» мемлекеттік мекемесінде Мұғалімдер күніне оқушылар атынан ақша жинау туралы айтылған. Қазір №29 мектеп директорынан аталған жарияланым бойынша түсініктеме алынды. Мектеп диреторының түсініктемесінде 2024 жылдың 5 қыркүйегінде № 313 «Ақша жинауға тыйым салу» туралы бұйрық шығарған. Бұйрықпен мектептің барлық қызметкері танысты. Сынып жетекшілеріне оқушылардың немесе ата-аналардың ешқайсысы ешқандай ақша жинамауы туралы тапсырылған. Бірақ бұған қарамастан, 11-сынып оқушылары Мұғалімдер күнін атап өтуді және мұғалімдеріне алғыс айтуды шешті. Сынып жетекшісі бұл туралы білмеген», – деп жауап берді Жетісу облысының білім басқармасы.
Білім басқармасының айтуынша, осы жағдайды анықтау кезінде мектеп директоры педагогикалық ұжыммен сынып жетекшілерімен кезектен тыс кеңес өткізген.
«11-сыныпты ата-аналар комитеттері шақырды (мектепте 11-сынып төртеу). Мектеп директоры оларға бұйрықты тағы да көрсетіп сынып жетекшілерінің жауапкершілігі туралы ескертті. Сынып жетекшісі А.Байгерееваға «Ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолданылды, өйткені дәл осы сыныпта оқушылар ақша жинау туралы ұсыныс айтқан. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Байқадамоваға жоғарыда айтылған жағдайға жол бергені үшін және түсініктемесінің негізінде «Сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолданылды. №29 орта мектеп-лицейінің директоры «Ақша жинауға тыйым салу» туралы тағы бір бұйрық шығарды. Мектептің барлық қызметкері бұйрыққа «Таныстым» деп қол қойылды», – делінген хабарламада.
Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша №29 орта мектеп-лицейінің директоры Л.М.Иманбековаға қатысты түсініктемесі негізінде «Ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолданылған.
«Білім бөлімінің қызметкерлері №29 орта мектеп-лицейінің әкімшілігімен әңгімелесті. Ақша жинауға тыйым салу туралы мәселені бақылауда ұстау тапсырылды. Талдықорған қаласының жалпы білім беретін мектептерінің директорлары Жетісу облысы білім басқармасының басшысы М.Б.Сүлейменовтің атына облыстық, қалалық «Ақша жинауға тыйым салу» туралы бұйрықтарымен танысқандары туралы хат жазды. Ақша жинауға тыйым салу туралы мәселе білім басқармасының және Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімінің бақылауында», – деп түйіндеді Жетісу облыстық білім басқармасы.