Жоғары білімі жоқ адам ауыл әкімі бола ала ма

0

2018 жылғы 21 желтоқсан 14:03 158

Жоғары білімі жоқ адам ауыл әкімі бола ала ма

АСТАНА. ҚазАқпарат — Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл әкімі қызметіне жоғары білімі жоқ адамдардың тағайындалуы саяси тұрғыда қисынсыз екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейбір жергілікті атқарушы органдар тарапынан ауыл мен кент әкімдерінің білім деңгейі бойынша біліктілік көрсеткішін төмендету мүмкіндігі мәселесі көтерілуде. «Жоғары білімі болмаса да, кәсіби-техникалық оқу орны жеткілікті ме» деген сауал қойылуда. Біз қазіргі кезде реформаны іске асырдық, яғни кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жұмыстары атқарылды. Бұл тұрғыда Еуропалық одақ та Қазақстанда кәсіби мемлекеттік аппарат құрылғанын мойындап отыр. Сондықтан төртінші деңгейдегі бюджетпен айналысатын әкімдер үшін білім деңгейі бойынша көрсеткішті төмендету негізсіз әрі саяси қисынсыз болады», — деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов Сенатта өткен отырыста.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенат депутаттары мен жауапты министрліктер өкілдері, сондай-ақ өңір әкімдіктері мамандарының қатысуымен жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру тақырыбы талқыланды. Онда ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Сергей Коновалов қоғамдық кеңестер құрамындағы кейбір мүшелер өздерінің міндеттерін лайықты деңгейде атқармайтынын айтты.

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz