Қазақстанда халық саны 20 млн емес, 30-40 млн деген әңгіменің негізі бар ма – демограф жауап берді
Қоғамда «Қазақстан халқының саны шын мәнінде 20 миллион адамнан көп» немесе «біздің елде қазақтардың санын әдейі азайтып көрсетеді» деген әңгіме баршылық. Тіпті «шын мәнінде, 30-40 млн адамбыз» деген де пікір бар. Мұндай болжамды таяуда сұхбаттарында ақын Бақыт Беделхан мен Ақберен Елгезек айтқан. Бұл тұспал жөнінде Ulysmedia.kz тілшісі демограф Аяулым Сағынбаеваның пікірін біліп көрді.
РЕСМИ СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ
Ұлттық статистика бюросы халық санын ай сайын жаңартып отырады. Ол санақта жан саны айына шамамен 20-25 мың адамға артатынын байқауға болады. Мәселен, бюро 1 маусымда Қазақстанда 20 139 914 адам тұратыны жөнінде мәлімет берген. Яғни, 2023 жылдың 14 қарашасынан бері (бюро ол кезде Қазақстанда халық саны 20 миллион адамға жеткенін сүйіншілеген) адам санының өсімі шамамен 140 мың адамға жуықтаған.
Ақын Бақыт Беделхан бір сұхбатында Қазақстанда тұратын қазақтардың саны 30-40 миллион болуы мүмкін екенін айтады. Ал Ақберек Елгезек кезінде санақтан «5-6 млн қазақты сызып тастаған, меніңше қазір 30-40 млн адам бармыз» деп бұл тұспалды шегелей түседі. Бірақ расында солай ма?
ҰЛТТЫҚ СТАТБЮРО: ДЕРЕКТІҢ ШЫНДЫҒЫ ҚАЛАЙ ТЕКСЕРІЛЕДІ
Демограф Аяулым Сағынбаева бұл пікірмен үзілді-кесілді келіспейді. Сөзінше, жалпы демография саласына кейбір азаматтар оңай сала деп қарайды. Өзі Қазақстанның ресми статистика органын халықаралық деңгейде ең беделді әрі сапасы жоғары мәліметтерді беретін мекеме ретінде біледі.
Аяулым Сағынбаева
«Ұлттық статистика бюросы бірнеше рет әлемдік тексерістерден өтеді. Open Data Watch сияқты Дүниежүзілік банкінің үлкен бір рейтингі бар. 2022 жылы ол рейтинг әлемдегі 195 елді қамтыған. Қазақстан 63 балмен сол рейтингте 51-ші орында болды. 2020 жылғы рейтингтен қарағанда (ол кезде 187 елдің ішінде 54-ші орында болған) өз көрсеткішін жақсартты», — дейді ол.
Демографтың сөзінше, Population and vital statistics (халықтың саны мен табиғи қозғалысы) бойынша, Қазақстан ашықтығы жағынан 70 ұпайға ие. Мұны сарапшы өте жоғары деп бағалайды. Өйткені орташа есеп – 55 бал. Сондай-ақ, SPI рейтингінде Қазақстан 186 елдің ішінде 78,2 балмен 67-ші орында. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы да Қазақстандағы статистиканы үш рет бағалап, жұмысын жақсы деңгейде деп қабылдаған.
БҰЛ – ҚАЗАҚТЫҢ ОСАЛ ЖЕРІ
«Негізі «халық санын сызып тастады», «қосып тастады» деген әңгімелер бұрын да айтылатын. Бірақ солай дейтін адамдар әр адамды жеке санаған жоқ. Мультииндикаторлы кешенді зерттеу нәтижелерін статистикалық тіркеліммен салыстыруға болады. Барлық адамда жеке сандық нөмір (ЖСН) бар. Ол жаңа туған нәрестеден бастап бәріне беріледі. Шетелде азаматы саналатын қазақтарды есепке алынбады десек, бірсәрі. Бірақ Қазақстан аумағында тұрып жатқан жалпы халықтың есебі жақсы деңгейде жүргізіледі. Сондықтан, бұл әңгімелер бос деп есептеймін», — дейді Аяулым Сағынбаева.
Сарапшы қазақтың бірнеше осал жері бар деп, оның ішіне тіл дауы, жер дауын жатқызса, тағы бір осал жері – халықтың саны деп есептейді. Мұны қазақтың басынан өткен Ашаршылық – геноцидпен байланыстырады. ҚазССР кезінде де қазақтардың өзі этникалық азшылық болғаны – тарихи жадта қалған салдар болуы мүмкін деп болжайды.
«Әлемдегі державаларды алып қарасаңыз, олардың держава болуының бірден-бір себебі – халқының көп болуы. Бірақ халықтың санынан бөлек, сапасы бар. Сапасы деген біз оның кәсіби біліктілігін ғана емес, жас жыныстық құрылымын да алып қараймыз. Тұспалды мәліметпен халық арасында үлкен бір шиеленістің туындауына жол бермеу керек», — дейді демограф.
Аяулым Сағынбева осындай бос әңгімелер болмас үшін университеттерде статистикалық жүйе бойынша және статистикалық ақпараттардың сапасын зерттейтін сабақтар болуы керек деп есептейді.