Сот есірткі заттарын заңсыз сақтаған азаматты 13 жылға соттады
Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен азамат С.-ға қатысты кептірілген марихуана есірткі затын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде иемденіп, сақтағаны бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК 297 б. 3-б. 3-т.).
Сотпен анықталғаны:
Соттың мәліметтері бойынша, сотталушы С. Ұлытау облысы Сатпаев қаласында өзінің тұрғылықты мекенжайында ірі мөлшердегі «гашиш» және «кептірілген марихуана» есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз иемденіп, сақтаған.
Сонымен қатар, есірткі заттарын полимерлік пакеттерге, қағаздан жасалған орамаларға және пластикалық бөтелкеге салып дайындап, өткізуді жоспарлаған. Оның пәтерінде тінту жүргізу барысында 3 дана электронды таразы да табылды.
Сот тергеуінде сотталушы С. кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі куәлардың, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің, арнайы жедел іс-шаралардың нәтижелерімен, сондай-ақ сотпен зерттелген басқа да заттай дәлелдемелермен расталды.
Прокурор сотталушы С.-ға ҚК-тің 297-б. 3-б. 3-т.-мен 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, оның іс-әрекетінде қылмыстардың қауіпті қайталануын тануды сұрады. Сот үкімімен С. аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушы С.-ның қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін мойындап, шын ниетпен өкінуін, жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде оның іс-әрекетінде қылмыстардың қауіпті қайталануын таныды.
Сот үкімі бойынша С.-ға 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚК-тің 14-бабы 2-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, оның іс-әрекетінде қылмыстардың қауіпті қайталануы танылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
https://t.me/ulytaysud