Астанада такси жүргізушісі жолаушының аутизмге шалдыққан баласына қол көтерген (видео)

0

Астанада әкімшілік сот әйел мен оның аутизм дертіне шалдыққан баласына дөрекілік танытқан такси жүргізушісіне қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленуші әлеуметтік желіде видео жариялап, оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Әйелдің айтуынша, балаларын сабақтан алып, Яндекс.Такси қызметі арқылы такси шақырған. Сол күні ауа райы жаңбырлы болғандықтан шалшық суды басып кеткен бала, абайсызда көліктің салонын кірлетіп алыпты.

Әйел такси жүргізушісінен кешірім сұрап, барлығын дымқыл майлықтармен сүрткенін айтады, бірақ ер адам бұл оқиғаға агрессивті түрде жауап берген. Такси жүргізушісі аутизммен ауыратын баланы шынтағымен ұрып, дауыс көтерген.

«Мұндай жағдаймен бірінші рет кездесіп тұрмын. Олар картамен жүреді ғой, сол карта бойынша келген жақта жол жабық болып шықты, ол ашулана бастады. Ол жақта жолдың жабық екенін қайдан білейін? Мен үнсіз отырдым, өйткені бұл адам менен үш есе үлкен. Жеткен соң ол көліктен түсіп, маған айғайлай бастады. Мен ол адамнан қорқып, ештеңеге жауап бермедім. «Яндекс.Такси” жүргізушілерді қалай таңдайтынын түсінбеймін», – дейді жәбірленуші.

 

Әйелдің шағымына қатысты Яндекс.Такси баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.

«Сипатталған мінез-құлыққа жол берілмеуі керек. Біз дереу жолаушымен байланысып, ресми өтініш бойынша құқық қорғау органдарына жағдайды анықтауға көмектесуге дайын екенімізді жеткіздік», – делінген хабарламада.

Жәбірленуші арыз жазып, іс сотқа жіберілді. Жүргізушінің ісі сотта «ұсақ бұзақылық» әкімшілік бабы бойынша қаралды. Сот отырысында такси жүргізушісі өз кінәсін мойындамай, хаттамамен келіспейтінін айтқан.

Алайда әкімшілік құқық бұзушылықтың болғаны полиция қызметкерінің хаттамасында, жәбірленушінің арызында көрсетілген нақты деректермен расталды.

«Сот жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, сот қаулысымен О әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», – делінген соттың хабарламасында.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада мүмкіндігі шектеулі такси жүргізушісін балағаттаған жолаушының 15 тәулікке қамалғаны туралы жазған едік.