«Ертерек үйлену керек»: Сәкен Майғазиев ұлының туған күнінде әсерлі жазба жариялады

0

ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев ұлының туған күнімен ерекше құттықтады. Бұл туралы Kznews.kz агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі тұңғышының туған күнінде ақжарма тілегін арнап, ертерек шаңырақ көтеру керегін ескертті.

“Алла ұлық! Бүгін әжесінің ақылдысы, тұла бойы тұңғышымыз Әділет Сәкенұлы 26 жасқа толды! Алла тағаланың мейіріміне бөленген сүйікті құлы, Пайғамбарымыздың лайық үмметі, қазақ халқына пайдасы тиетін адал перзенті, әулетіміздің зүриятын өрбітер салиқалы ұрпағы бол, құлыным! Ол үшін не керек, ертерек үйлену керек”, – деп жазды әнші.

Еске салайық, өнер иесі ұлынан кейін 15 жыл бала сүйе алмағанын айтқан еді.

“Әділеттен кейін перзент болғанын 15 жыл күттік. Мен қалай армандасам, анаң 10, 100 есе күтті. Іні-қарындастарың болғанын армандадық. Түртпектеп, мазасын алған жоқпын. Алланың есебі. Кейін анаңның құрсағына перзент біткенде, үш айдан кейін әжеңе хабарластық. Анаңның махаббатын сезіп жүрсін деген ниетпен айтып жатырмын. Сол кезде анам сүйінші сұрағанда «сүйіншіңе жанымды берейін бе?» деді. Ананың махаббаты өлшеусіз екен, балам. Ал Алланың махаббаты одан шексіз», – деді ол.

Бұған дейін «Маған да бір Елубай сыйласа екен» деп Сәкен Майғазиев үшінші рет ана атанған Баян Мақсатқызын құттықтаған еді.