Ақтөбе облысында көктайғаққа қарсы 16 мың тоннадан астам қоспалар дайындалды
Өңірдегі көлік жолдарының жалпы ұзындығы 6 946,3 шақырымды құрайды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиевтің айтуынша, қысқы кезеңде облыстық және аудандық маңызы бар 5 мың шақырымнан астам көлік жолына қызмет көрсету үшін 38 кәсіпорын жұмылдырылған, олардың активтерінде 266 бірлік техника бар. Көктайғаққа қарсы инертті материалдардың қажетті қоры — 2500 тонна, көлемі 500 тонналы дизель отынының резерві құрылды. Ауа райының нашарлауына жедел әрекет ету үшін 1 желтоқсаннан бастап кезекшілік ұйымдастырылды. «Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск», «Ақтөбе-Болгар-Шұбарқұдық» және «Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі» көлік жолдарының қар қатты басып қалатын жерлеріне 12 мың метрлік жасанды қар тоқтататын қондырғылар орнатылуда.
Сонымен қатар, Ақтөбе көшелерін, айналма жолдарды уақытында тазалау үшін 15 арнайы кәсіпорын еңбек етіп жатыр, 250 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Көктайғақпен күресуге мың тонна құмды-тұзды қоспа мен 700 тонна тұз дайындалды. 17 бірлік құмшашыратқыш тәулік бойы дайын тұрады. Сондай-ақ, арнайы техника мен жауапты тұлғалардың тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ республикалық маңызы бар 1676 шақырым көлік жолына қызмет көрсетеді. Филиал директоры Марат Махамбетовтың мәліметінше, қысқы кезеңде төтенше жағдайды болдырмау үшін 7900 тонна көктайғаққа қарсы материал, 3900 құм-тұз қоспасы, 600 тонна тұз, 268 тонна дизель отыны жиналған. Эксплуатациялық қызмет қарамағында қар тазартатын 86 бірлік техника бар. «Қазақавтожолдың» барлық 17 жол-эксплуатациялық жерлерінде жылыту бекеттері орналасқан. Бұдан басқа, қала сыртындағы жолдарда жолда қызмет көрсететін 74 нысан бар, олар төтенше жағдай кезеңдерінде жылыту бекеті қызметін көрсетеді.
Жиын қорытындысында өңір басшысы арнайы техникалрдың дайындығы мен инертті материалдардың барын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен бірге, өңір басшысы жолдағы қарды қардың түсуін күтпей, тез тазалап тастау керектігін ерекше атап өтті.
«Автокөлік жағдайына жауапты ұйымдар, мекемелер адал ниетпен жұмыс жасаулары қажет. Басты міндет – көлік қозғалысының шектелуіне жол бермеу. Мердігер мекеме басшыларынан сіздермен отырған келісімшарттың барлық тармақтарын орындауларыңызды сұраймын», деді Бердібек Сапарбаев.
Дереккөз: http://egemen.kz/