Олжас Бектенов: Отандық өнеркәсіпті дамыту үшін озық ғылыми зерттеулерді пайдалану қажет

0

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлытау облысының тау-кен металлургия кешенінің қызметімен танысты. Жезқазған байыту фабрикасы мен тәжірибелік гидрометаллургия зауытына барды.

Премьер-Министр Жезқазған байыту фабрикасының өндірістік алаңдарын аралап, өндірісті жаңғырту жоспарларын көрді. Кәсіпорын жыл сайын шамамен 21,3 млн ҚМТ (құрғақ метрикалық тонна) мыс кенін қабылдайды, 445 мың астам ҚМТ концентрат өндіреді. 2020-2024 жылдары Жезқазған байыту фабрикасын жаңғыртуға және жабдық сатып алуға 49,5 млрд теңге инвестиция бағытталды.

«Қазақмыс» корпорациясы фабриканы жаңғыртуды кезең-кезеңімен жалғастыруда. №1 және №2 байыту фабрикалары бас корпусының №2 блогын реконструкциялау жүзеге асырылуда. Инвестиция сомасы – шамамен 20 млрд теңге, мыс алу көрсеткіштерінің артуы есебінен концентраттағы мыс өсімінің 3%-ға өсуі күтілуде. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, іске қосу-реттеу кезеңі басталады.

Олжас Бектенов өндірістік объектілерді жаңғыртудың маңызын атап өтті, өйткені бұл отандық тау-кен металлургия саласының дамуына елеулі серпін береді.

Үкімет басшысына «Жезқазғансирекмет» РМК қызметі туралы ақпарат берілді. 25 жылдан астам уақыт бойы кәсіпорын гидрометаллургиялық тәсілмен мыс өндірісінің қалдықтарынан сирек металдарды алумен айналысады. Сонымен қатар ғарыш және авиация индустриясының электр жабдықтарын өндіруде қолданылатын аммоний перренатының ТМД-дағы ірі өндірушісі әрі экспорттаушысы саналады. Өнімдер әлемдік нарықта сұранысқа ие.

Премьер-Министр мемлекет кәсіпорынды жаңғыртуға қолдау көрсететінін атап өтті. Бұл ретте өндірісті әртараптандыру, өнім желісін кеңейту саясатының маңызы атап өтілді.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Премьер-Министр әлемдік деңгейде гидрометаллургиялық технологияларды дамыту мен оңтайландырудың негізгі буыны саналатын «Kazakhmys Smelting» ЖШС тәжірибелік гидрометаллургиялық зауытына барды. Жобаның мақсаты – энергияны аз тұтынатын және экологиялық қауіпсіз өндіріске көшуді қамтамасыз ететін пирометаллургиядан мыс алу технологиясын гидрометаллургияға қайта бағдарлау. Бұл әдіс төмен сортты шикізатты қалдықсыз қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда түсті, сирек және бағалы металдарды өндіруге 3 патент бар. Жақын арада гидрометаллургия жобасы толыққанды ірі зауытқа айналады.

Корпорация 4 жыл ішінде ғылыми-зерттеу қызметіне 25,4 млрд теңге бөлді. Өндірістік процестерді цифрландыру және автоматтандыру, экологияны қорғау шешімдері, денсаулық сақтау, геологиялық барлау, қызметкерлердің ғылыми әлеуетін дамыту және басқа да бағыттар бойынша 242 ҒЗТКЖ жобасы іске асырылды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Премьер-Министрге отандық ғалымдардың өнеркәсіп кәсіпорындарын, оның ішінде «Қазақмысты» ғылыми тұрғыда сүйемелдеу барысы туралы баяндады. Ғылыми орта алдына кен құрамы төмен концентратты өңдеудің инновациялық технологияларын әзірлеу міндеті қойылды. Бұл мақсаттарға нақты экономиканың сұранысы мен қажеттілігін шешудің жаңа тетіктерін іздестіретін ғылыми-технологиялық хакатондар бағытталатын болады.

«Бұл зауыттың ашылуы өнеркәсіп пен ғылым ынтымақтастығының үлгісі саналады. Ғылыми зерттеу жұмыстарына инвестиция салуға және еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеуге деген ұмтылысты басқа кәсіпорындар да жалғастыруы керек. Шикізаттан металл алудың қолданыстағы әдістерін жақсарту үшін озық зерттеулерді қолданған жөн. Бұл ретте қоршаған ортаға тигізетін әсерін ерекше бақылауда ұстау қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.