Олжас Бектенов Ұлытау облысындағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту барысын тексерді
Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Президенттің әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй мен коммуналдық желілер салу, сондай-ақ алдағы оқу жылына білім беру нысандарын дайындау жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.
Жезқазғанда жаңа аудан мен инженерлік коммуникациялардың құрылысы жүргізіліп жатқан аумақ қаралды, сондай-ақ облысты сумен қамтамасыз ету жағдайы мен жоспарлары туралы баяндалды. Бұған қоса, Үкімет басшысы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының оқушыларына арналған жатақханаға барып, білім беру инфрақұрылымының дамуымен танысты.
Өткен 7 айдың қорытындысы бойынша облыста пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 34,5 мың м2 құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 4,8%-ға артық. Жезқазғанда Облыс орталығын дамытудың бекітілген бас жоспары аясында қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бірінші кезеңге сәйкес, 2030 жылға дейін Жезқазғанның Батыс ауданының 44 гектарын игеру көзделген. Қала әкімі Қайрат Шайжанов жер телімінде жалпы ауданы 982,6 мың шаршы метр 88 көпқабатты тұрғын үй және 67 әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық нысан, оның ішінде мектептер, балабақшалар, драма театры, техникалық ЖОО, медицина мекемелері, оқушылар сарайы және т. б. салу жоспарланып отырғанын баяндады.
Бүгінгі таңда 360 отбасы пәтерлермен қамтамасыз етілген, олардың 240-ы халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына жалға беріледі.
Премьер-Министр Жезқазғанның Бас жоспарын іске асыру аясында Үкімет магистральдық жылу, су құбыры және кәріз желілерін салуға 4,8 млрд теңге бөлгенін атап өтті. Жалпы ұзындығы 10,5 км коммуникациялардың бір бөлігі осы жылдың соңына дейін толық салынатын болады, жылу желілерін салу жобасы 2025 жылы да жалғасады. Сондай-ақ облыс әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» арасындағы меморандум аясында биыл қаланың кәріз тазарту құрылыстарын реконструкциялау жобасы әзірленді, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Жезқазған халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Қаланы сумен жабдықтау көздері – Кеңгір су қоймасы және Үйтас-Айдос жерасты су қабылдағышы, ол 70%-ға тозған.
Аталған мәселені шешу мақсатында облыста шаруашылық ауызсу тазарту құрылыстарын және II көтергіш сорғы стансасын қайта жаңарту жобалары іске асырылуда. Жұмыстарды 2025 жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Жобаны іске асыру нәтижесінде 89,2 мыңға жуық тұрғынға сапалы ауызсу қолжетімді болады. Сондай-ақ Сәтбаев және Жезқазған қалаларының, сонымен қатар жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын шаруашылық ауызсумен қамтамасыз ететін Есқұла су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Олжас Бектенов аталған жобаларды іске асырудың басымдығын атап өтті. Су ресурстары және ирригация, Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы министрліктеріне жұмыстарды уақтылы аяқтау үшін қажетті қаражаттың бөлінуін қамтамасыз ету тапсырылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауызсумен 100% қамтамасыз ету қажет. Бұл – әлеуметтік маңызды міндеттердің бірі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы сапар барысында Президент тапсырмасын орындау аясында салынған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының оқушыларына арналған жатақхана ғимаратын аралап көрді. Тиісті жұмыстар толығымен аяқталып, 1 қыркүйекте балаларды қабылдау және орналастыру жұмыстары басталады. 3 қабатты жаңа ғимарат 200 балаға арналған. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін ас үй, тұрмыстық бөлмелер, құрал-жабдықтар қоятын және кір жуатын бөлмелер, оқу бөлмесі қарастырылған.
Премьер-Министр Абай атындағы мектеп-гимназия шалғай аудандар мен ауылдардың балалары тікелей қалада білім алатын санаулы орта білім беру мекемелерінің бірі екенін баса айтты.
Үкімет білім сапасын арттыруға, оның ішінде инфрақұрылымды дамытуға үлкен көңіл бөліп келеді. Мәселен, биыл Жезқазғанда 300 орындық «Жайлы мектеп» құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, бірқатар мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі.