«Ернімнен қан тоқтамай қойды»: Алтынбек Тәшімбетов болған істің анық-қанығын айтып берді
Медициналық құралдарды бүлдірді деп айыпталған әнші Алтынбек Тәшімбетов оқиғаның мән-жайын баяндап берді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Nege порталының мәліметінше, өнер иесі мейрамхананың күзетшілерімен жанжалдасқан.
“Астанадан жолдас жігіттер келген соң бәріміз келіншектерімізді алып, караокеге бардық. Ашқарынға сыра ішкендіктен, аздап қызып қалғанымыз бар. Соңында бір себептермен күзетші жігіттермен келіспей қалдық. Сол сәтте олардың арасындағы жастау біреуі маған жұдырық жұмсады. Содан ернімнен қан тоқтамай қойды. Сөйтіп әлгі жерге келген полицейлер бастап, мені №12 қалалық ауруханаға жедел жәрдеммен алып барды. Онда үсті-басым қанға малынған соң киімдерімді шешкізіп тастады. Әйтпесе анығында ол жерге шалбармен барған адаммын”, – деді әнші.
Сонымен қатар медбикеге қолының ұшын да тигізбегенін, кінәлі деп тапса, жазасын өтеуге дайын екенін жеткізді.
“Медбикеге қолымның ұшын да тигізбедім. Жалаңаш күйде күтіп отырғаныма ашуланып, медициналық көмек дер кезінде көрсетіле қоймаған соң терезесін бүлдірдім. Осындай әрекет жасап, балағат сөз айтқаным үшін әкімшілік жазаға тартылдым. Айыппұл төлейтінім немесе кем дегенде он күнге қамауға алынатыным айтылды. Ақиқаты осы. Бірақ ешкімнің басын жарып, көзін шығармағаным ескеріліп, айыппұл есебінде айыбымды өтейтін болармын деп үміттеніп отырмын. Мен өз кінәмды мойындаймын. Бірақ пабликтерге жалаңаш тұрған күйімді пайдаланып, таратып жібергеніне күйініп отырмын. Әсілінде ауруханаға полицеймен әрі сырт киіммен келген адаммын. Және олар медициналық көмек көрсетілуі қажет болған соң қанға боялған киімімді шешкізген еді. Нәтижесінде көшеде жалаңаш жүрген «чунга-чанга» болдым да қалдым. Бостандық ауданының Полиция басқармасына келіп, түсініктеме жаздым. №12 ауруханаға барып кешірім сұрап, медбике қарындасымның алдынан өттім. Басшылығы да кешірім берді. Әлгі бүлінген терезені жөндеп беретін болып келістім”, – дейді өнер иесі.
Еске салайық, Алтынбек Тәшімбетов мас күйінде дөрекілік танытып, басы дауға қалған еді.