Елордадағы Нұра ауданының әкімі қызметінен кетті
Астана қаласы Нұра ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов қызметінен кеткені туралы хабарлады.
«Бүгін Нұра ауданының әкімі ретіндегі соңғы жұмыс күнім болды. Мансабымдағы жаңа кезеңге байланысты жұмыс орнымды ауыстырмақпын. Бұл бір жарым жыл өмірімнің қызықты, кейде қиын, бірақ маңызды және нәтижелі бөлігі болды. Осы уақыт арасында @nura.audany-дағы әріптестеріммен өзіміздің функционалдағы мәселелерді шешіп қана қоймай, көпжылдық сұрақтарға шешім тауып, тұрғындардың өмірін жақсартуға барынша тырыстық деп айта аламын. Біз ірі тұрғын үй кешендерін газдандырдық, бұл тұрғындарға коммуналдық қызмет шығындарын екі есеге азайтуға мүмкіндік берді. Бірқатар көпқабатты үйді орталық жылытуға қостық, ауданның жер учаскелерін жүйелі және тәртіппен қайта қарауды бастадық. Тұрғын үй кешендерінің орнына скверлер, мектептер мен балабақшалар пайда бола бастады; аллеялар мен аулаларда жарықтандыру мәселелерін шештік; байланысты жақсарту үшін базалық станциялар орнатып, Жағалау шағын ауданында 18 гектар жерді абаттандыруға кірістік. Сонымен қатар күн сайын ауданды күтіп ұстау, көгалдандыру және қала келбетін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілді», — деп жазды Жүсіп Жұмағұлов Instagram-дағы парақшасында.
Сондай-ақ аудан әкімі тұрғындар мен мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерінің арқасында нәтижеге қол жеткенін айтып, тұрғындарға разылығын білдірді.
«Кездесулерге, жеке қабылдауларға келген, жазған, қоңырау шалған және маңызды сұрақтар қойған әрбір адамға рақмет. Сіздердің көмектеріңіз бен немқұрайды қарамауыңыз бізге мыңдаған азаматтардың жағдайын жақсартуға көмектесті. Даулассақ та, ойымызбен келіспесек те, мақсатымыз өзіміз, отбасымыз тұрып жатқан ортаны жақсарту болды және осы идеяның маңында күшімізді біріктіре алдық. @nura.audany әріптестеріме алғыс айтамын. Мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді, ал аудан құру, процестерді жолға қою және қысқа мерзімде нәтижені көрсету – әрқайсымыздың өзімізге алған міндетіміз болды», — дейді ол.