Димаш Құдайберген Маңғыстаудың туристік әлеуетін насихаттауға үлес қоспақ

0

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірге жұмыс сапарымен келген танымал әнші, халық артисі Димаш Құдайбергенмен кездесіп, облыстың туризм әлеуеті жайында әңгімелесті. 

Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен туризм саласында қолға алынып жатқан жобалар туралы айтып, әншіні 2025 жылы Ақтау қаласында өтетін Түркі әлеміне ортақ мерейлі іс-шараға қатысуға шақырды.

– Димаш, қасиетті Маңғыстау жерінде сені көргенімізге өте қуаныштымыз. Сенің бұл сапарың – облысымыздағы туризмді дамытуға зор серпін береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстаудың туризм саласындағы әлеуетінің жоғары екенін айтып, дамытуды тапсырған болатын. Бүгінде біз бұл салаға тың серпін беру үшін инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, туристер үшін қызмет сапасын жақсарту бағытында жұмыстанып жатырмыз. Баку және Дубай қалаларының үлгісімен Ақтау қаласының бас жоспарын қайта қарау мәселесін қолға алдық. Туристерді тарту мақсатында «Жылы жағажай» аумағында бірқатар жоба жасалып жатыр. Бұйырса Ақтауды ірі курорттық орталыққа айналдыру жоспарымызда бар, — деді Нұрдаулет Қилыбай.

Димаш
Фото: Маңғыстау облысының баспасөз қызметі

Еліміздің өнерін әлемге танытқан ұлт мақтанышы, талантты әнші Димаш Құдайберген қазақ туризмінің амбассадоры ретінде Маңғыстаудың тарихи-мәдени жерлерін аралады. Киелі өңірдің руханияты, мәдениеті мен туризмін көрсететін деңгейі бөлек туынды әзірлеуді жоспарлауда. Маңғыстау облысына алғаш рет келген әнші өңірдің тұмса табиғатынан ерекше әсер алғанын және мұндағы туристік нысандарды насихаттауға үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

– Бозжыраға жақындай бергеннен бастап керемет әсерге бөлендік. Ертегі әлеміне тап болғандай күй кештік. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Туризм саласын дамыту бағытында алған істеріңізге сәттілік тілеймін. Демалыс орындарын дайындау, ішкі, сыртқы туристерді тарту – оңай жұмыс емес. Біз де ел мүддесі үшін, мәдениетімізді дамыту бағытында жұмыс істесек одан басқа арман жоқ. Осы елдің баласы болғандықтан барынша қолдауға дайынбыз, — деді Димаш Құдайберген.