Алматыда оқитын студенттер үшін салқындатқышы жоқ вагондар бөлінген
Студенттерді тасуға арналған қосымша вагондар сапасыз боп шықты.
Алматыда оқитын Атырау және Маңғыстау облыстарының студенттер үшін салқындатқышы жоқ вагондар бөлінген. Бұл туралы Kazinform жазды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, оқу жылы қарсаңында студенттерді тасымалдауға арналған қосымша вагондар іске қосылғалы отыр.
«Бұл жұмыс «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамымен бірлесе жүргізіледі. Жаңа оқу жылы қарсаңында батыс өңірлер тұрғындарының сұранысына сәйкес қосымша маршруттарды іске қосу туралы шешім қабылданды. Пойыздар Ақтау және Атырау қалаларынан шығып, Алматы қаласына дейін студенттерді тасымалдайды. Кондиционерлері қарастырылған жаңа вагондар жазғы уақытта еліміздің аумағы бойынша басқа бағыттарға қатынайды. Сол себепті жоғарыда аталған вагондарда кондиционер жүйесі болмайды. Теміржол және су көлігі комитеті жас жолаушылардан қолайсыздықтар үшін алдын-ала кешірім сұрайды», -делінген министрліктің ақпаратында.
Мәселен, Ақтау-Алматы бағытында қосымша 360 жолаушыға арналған 8 жолаушы вагоны қатынайды. Бұл бағыттағы вагон 21 тамыз күні Ақтаудан шығып, 23 тамыз күні Алматыға жетеді. Ал, Атырау-Алматы бағытына теміржолшылар қосымша 3 вагон қосады. Бұл вагондар 540 жолаушыға арналған. Атырау-Алматы бағытында пойыздар 16, 18, 20 және 22 тамызда қатынайды.
«Студенттер Ақтау және Атырау қалаларының вокзалдарынан теміржол билеттерін сатып ала алады. Студенттердің өтініштеріне сәйкес Көлік министрлігі қосымша вагондар қоюға дайын. Биыл жаңа вагондар паркі 140 бірлікке жаңартылады. Келесі жылы тағы 226 жаңа вагон келеді. Вагондар паркін жаңарту жұмыстары жалғасады», -деп хабарлады министрліктен.
фото: Жанар Каримова