Алматының бұрынғы бас сәулетшісіне қандай айып тағылып отыр?

0

Алмасхан Ахмеджановтың ісі бойынша прокурор бас сәулетші мен басқа да шенеуніктерге қатысты айыптау актісін оқыды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында қаланың бұрынғы бас сәулетшісі, Урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов, жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов және басқа да айыпталушылардың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Прокурор айыптау актісін оқып, сотталушылар не үшін айыпталғанын айтты.

«Ахмеджанов лауазымды тұлға ретінде сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деп айыпталып отыр. 2020-2023 жылдар аралығында урбанистика басқармасының басшысы болып, оның өкілеттіктеріне сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беру және эскиздік жобаларды келісу, қызметтік өкілеттіктерін пайдалану және өзіне, басқа адамдар мен ұйымдарға пайда табу мақсатында әрекет ету, бас тартуға негіз болған бұзушылықтар бола тұра, ол ЖШС-мен заңсыз келісіп, құжатқа рұқсат берген — «Еременсай» шағынауданында «жеке тұрғын үй құрылысы» нысаналы мақсаты бар жер учаскелерінде нысаналы мақсатын өзгертпей және кадастрлық құнын төлемей, 152 миллион 772 мың теңге төлемеуге мүмкіндік беретін төрт КЖК құрылысына арналған сәулет-жоспарлау тапсырмалары мен эскиздік жобалар», — делінген айыптау актісінде.