Павлодарда ер адам көшеде 6 жастағы қызын ұрып-соқты (видео)
Павлодардық тұрғынның 6 жастағы қызын басынан екі рет ұрған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Павлодар облысының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шәкенева Facebookжелісіндегі парақшасында камераға түсіп қалған видео мен жазба жариялады. Куәгерлердің айтуынша, ер адам сол сәтте мас болған.
“Сол күні қызға алаңдаған көршілер полицияға хабарласқан. Алайда құқық бұзушыға қатысты әкімшілік немесе қылмыстық шара қолданылмағаны белгілі болды. Сөйтіп олар көмек сұрап, маған хабарласты”, – деп жазды Сәуле Шәкенова.
Ол прокуратурадан болған жағдайға қатысты қызметтік тексеру жүргізуді сұраған.
Араға уақыт салып жергілікті полиция қыздың анасы оның әкесіне қарсы арыз жазудан бас тартқанын мәлімдеді.
“27 шілде күні бір әйел полицияға хабарласып, ер адамның кәмелетке толмаған қызын үйдің кіреберісінде ұрғанын айтты. Өтініш Павлодар қаласының Оңтүстік полиция бөлімінде тіркелді. Қоңырау түскен соң көрсетілген мекенжайға қамқоршылық органдар мен бала бекітілген мектептің қызметкерлері дереу шақырылды. Істің мән-жайын анықтау барысында қыздың заңды өкілі – анасы күйеуіне қарсы арыз жазудан және істі жалғастырудан бас тартты. Қыздың әкесі мас емес, сау еді”, – делінген хабарламада.
Алайда анасының ер адамға қарсы шағым түсірмегеніне қарамастан, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларды күтіп-бағу және асырау міндеттерін орындамағаны үшін әкесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. 2 тамызда іс сотқа жіберілді.
Сондай-ақ қыздың қауіпсіздігі үшін ер адам қорғау нұсқамасымен 30 тәулікке қамалып, профиактикалық есепке алынды.