Массагеттен мәзір: Асқабақ уылдырығы

0

Массагеттен мәзір: Асқабақ уылдырығы

Күз-қыс мерзімінің қолжетімді көкөністерінің бірі – асқабақ. Асқабақтың адам ағзасына пайдасы мол. Одан түрлі тағамдар жасауға болады. Солардың бірі – асқабақ уылдырығы. Мұндай көкөністі икраны нанға жағып жесеңіз, өте тойымды болады әрі тәбетті ашады. Оны дүкеннен сатып алғанша, үйден оңай дайындалатын түрін жасап көріңіз.

Қажетті азық-түліктер:

— 800 г асқабақ;
— 1 үлкен пияз;
— 1 ас қасық томат;
— 1 шай қасық тұз;
— 1 шай қасық қант;
— 1 ас қасық сірке суы;
— қалауыңызға қарай қара бұрыш;
— ақжелкен немесе аскөк;
— 1 сарымсақ тілшесі.

Пиязды ұсақтап тураймыз.

Асқабақты үккіштен өткіземіз.

Табаға аздап май құйып, пиязды қуырамыз.

Оған асқабақты салып, қайта-қайта араластырып тұрып, 10 минуттай қуырамыз. 

Оған томат, туралған ақжелкен (аскөкті) және сарымсақ саламыз.

Одан соң тұз, қара бұрыш, қант салып және сірке суын құйып, барлығын араластырамыз. 5 минуттан соң отты сөндіреміз. Уылдырық дүкендікіндей біртекті болғанын қаласаңыз, блендермен езіп алуға болады. 

Асқабақ уылдырығы дайын!