Тасқын болды, биыл жазда демала алмадым – Шарлапаев

0

Отандық өндірушілерді қолдау мәселесі талқыланған Үкімет отырысынан кейін журналистер алдына Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев шықты. Отандық өндіріске жауапты министр отандық қызметті пайдалана ма? Осы сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі Шарлапаевқа қойды.

Министр әлі еңбек демалысына шықпағанын айтты.

– Менде ешқандай демалыс болған жоқ. Қазір тасқыннан зардап  шеккен тұрғындардың үйлерін қалпына келтіру, оларды баспанамен қамтамасыз ету үшін өңірлерге көп барып жүрмін. Сонымен осы жазда менде ешқандай демалыс болған жоқ. Жыл аяғына дейін ешқандай демалыс болмайды», — деді Қанат Шарлапаев.

Еске сала кетейік, Қазақстан Үкіметі көктемгі су тасқыны салдарын жоюға және зақымдалған инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіруге төтенше резервтен қосымша 22,7 млрд теңге бөлген еді.

Қазақстандағы су тасқыны

Биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.