Жапония премьер-министрі жер сілкінісіне байланысты Қазақстанға келмейтін болды
Жапония премьер-министрі Фумио Кишида 9 тамызға жоспарланған Қазақстан, Өзбекстан және Моңғолияға төрт күндік сапарын кейінге қалдырды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жапония метеорологиялық агенттігі Нанкай жарығы аймағында жер сілкінуі мүмкін деп ескерту жасағаннан кейін премьер-министр осы шешімге келген.
Кишида алдағы аптада Үкіметтің барлық күштері жағдайды бақылауға және Нанкай жарығында болуы мүмкін үлкен жер сілкінісіне дайындалуға бағытталатынын атап өтті.
Жапония премьер-министрі 9-12 тамыз аралығында Қазақстанға, Өзбекстанға және Моңғолияға бармақ болған. Кишиданың Астанаға сапарының бірінші күніне «Орталық Азия + Жапония» саммиті жоспарланған болатын, екінші күні ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі тиіс еді.
Айта кетсек, 8 тамызда Жапонияның оңтүстік-батысында 7,1 баллдық жер сілкінді. Бірнеше сағат өткен соң Жапонияның метеорологиялық агенттігі тағы да жер сілкінуі мүмкін деп ескерту жасады. Жер сілкінісінен Жапонияның шығыс жағалауына биіктігі 30 метрден асатын цунами түседі деген болжам бар.
Агенттіктің мәліметінше, Тынық мұхитының оңтүстік-батысынан орталық Жапонияға дейінгі аумақтарды қамтитын үлкен жер сілкінісі қаупі артқан.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанға Жапония премьер-министрі ресми сапармен келетіні айтылған еді.