Қазақстандық телеарна журналисі орысша сөйлейтін қазақтарды «құл» деп атап, басы дауға қалды (видео)

0

Қазақстандық телеарна журналисі Азамат Әбілқайыр Түркияда демалып жүрген видоесын жариялады. Ол шетелде түсірілген бейнеде орысша сөйлейтін қазақтарды «құл» деп атаған. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Журналистің сөзінше, Түркия әуежайына жиналған әр ұлт өз тілінде сөйлеп тұр. Ал бишара қазақ қана орыс тілінде шүлдірлеп тұр дейді.

«Міне, біз Анталия әуежайына келдік. Айналамда адамдар өте көп. Неше түрлі ұлттар мен қаншама елден келген адамдар толып жүр. Әрқайсы өз тілінде сөйлейді. Тек бейшара қазақтар ғана орыс тілінде шүлдір-шүлдір етеді. Соншама құл, соншама сорлы болғанда да сүйектен өтіп кеткені жаман екен ғой. Тіпті орыстар орысша, түріктер түрікше, испандар испанша, француздар французша сөйлеп жүр. Тіпті өз ағам өзбекше, қырғыз бауырларымыз да өз тілінде сөйлейді. Тек қазақтар ғана орысша шүлдірлеп тұр. Соншама сорлы, соншама бишара болуға бола ма? Тап осы Антальяның аэропортында, тап осы Түркияда орыс келіп желкеңнен түйгіштеп түрған жоқ”, – деді журналист.

Журналист басқа халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтеу керегін айтты. Сондай-ақ ағылшын тілі сияқты шет тілдерін білу қажеттігін мойындайтынын жеткізді. Алайда, видеоның соңында ол орыстілді қазақтарға қарата «құлдар» деген сөзді қайталап айтты.